Хан мен бидің шапаны
Ұлттық музейде ұлттың құндылығын көрсетер дүниелер бар. Жәдігерлер жетерлік.
Асантемір Қаршығаұлы, тілші:
- Қаз дауысты Қазыбек бидің шапаны. Музейде тұр. Бұл түп нұсқа. Шапанды асықпай қарасаңыз құстың қанаты, өсімдіктер және құмыра бейнеленген. Шапанды Қазыбек бидің жетінші ұрпағы Алтын Қожахметов ақсақал сақтап келген. Кейіннен музейге тапсырған.
Майра Тұрсынқызы, Ұлттық музей әдіскері:
- Қазыбек бидің шапаны 2014 жылы музейге тапсырылды. Одан бұрын Президент мәдениет орталығында болды. Ал енді оны реставрациядан өткізген белгілі қазақстандық шебер Тұрсынгүл Жайлаубаева апамыз.
Тұрсынгүл әжей шапанды реставрациядан өткізуге екі жыл уақытын жұмсапты. Қазыбек бидің шапанын бір қалыпқа түсіру кезінде ісмер жан түс көргенін айтады.
Тұрсынгүл Жайлаубаева, реставратор:
- Аспаннан адам бейнесі пайда болды. Жерге дейін бұлттан адам шықты. Жаңағы бұлттан адам шықты да оң қолын бізге бүйтіп созып, бүйтіп алақанын жайды. Рұқсат дегендей. Соныменен шапанды тіктік, құдайға тәубе өткіздік. Құдайы шәйін беріп тұрып.
Ұлттық музей қорында жүзден астам шапан бар. Соның ішінде ең құндысы осы Қазыбек би мен Абылайханның шапаны. Бұлар түпнұсқада сақталған. Бидің де ханның да шапанын қалыпқа келтірген Тұрсынгүл әжей. Ісмер Абылайдың шапанын жаңалауға алты ай уақытын сарп етіпті.
Тұрсынгүл Жайлаубаева, реставратор:
- Абылайхан бабамызға кірістік. Астарының барлығын ырымдап кесіп алған. Абылайханды да, Қазыбектіңде ырымдап кесіп алған. Жағасымен қосып соның өзіндей мата таппадық. Қызымыз екеуміз Бұқараға бардық. Сол матасын іздеп, сол кездің матасын іздеп. Бұқараға барып шапандар таптық. Соны алып соның жібін суырып отырып, сонымен тіктік.
Қаршыға Жұмағұлова, Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері:
- Деректерге сүйенетін болсақ, бұл шапан Абылайханның үлкен ұлы Уәлиге мұрагерлік жолмен берілген болатын. Кейін оның бәйбішесі Айғанымға, Айғанымнан Байдалы биге берілгені туралы деректер бар. Ал Байдалы би ол Абылайханның атақты беделді билерінің бірі болатын. Он тоғызыншы ғасырдың басында Байдалы би Уәлиханның кеңесшісі болған. Ал 2007 жылы Президенттік орталыққа Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданының тумасы Хамза Сәтжан ағамыз осы шапанды тапсырған болатын.
Бұл Абылайханның шапаны. Шапан қызыл күрең түсті пүліштен ішкі жағы жібек матадан тігілген. Қаусырмалы шапанның қолтық астынан бастап етегіне дейін үшірленіп қиылған. Шапанның жағасы, өңірі, жеңі алтын түсті жіппен әспеттелген. Біз бұл шапанды көріп отырып, Абылай хан кеуделі, мығым денелі, иықты болғанын байқадық.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Арман Ақшабаев, Ернар Жақсыбаев