Қарашығанақта газ өңдеу зауыты салынады
Қарашығанақта қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыты салынады.
Бүгін бұл мәселелер Премьер-Министр Олжас Бектеновтың «Шелл плс» концернінің атқарушы вице-президенті Питер Костелломен кездесу барысында айтылды. Жиында мұнай-газ саласындағы бірлескен жобалардың іске асырылу барысы қаралды. Қарашығанақты кеңейту жобасы бойынша мұнай мен конденсат өндіруді жылына кемінде 11 млн тонна деңгейінде ұстап тұру – басым міндеттердің бірі. Осы мақсатта тараптар шикі газды кері айдаудың қосымша компрессорларын уақытылы іске қосуды қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ, Қашаған кен орнының тұрақты жұмысына да ерекше назар аударылды. Бұл кен орнын толық игеру үшін газ өңдеу зауытын салу мәселесі пысықтау сатысында тұр. Осы ретте Үкімет басшысы жобаларды іске асыру барысында жергілікті үлесті арттыру қажеттігін айтты. «Себебі, қазір тауарларды сатып алудағы жергілікті қамту үлесі әлі де өте төмен. Бұл өнім шығаруға мүдделі жергілікті өндірушілермен тығыз қарым-қатынасты қажет етеді», - деді Премьер-Министр Олжас Бектенов.