ШҚО-да өрт сөндіру техникасы жаңартылып жатыр

Шығыс Қазақстанда өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында шалғайдағы ауыл-аймаққа 9 арнайы көлік берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Қатонқарағай, Ұлан, Шемонайха, Зайсан ауданындағы өрт сөндірушілер тозығы жеткен ескі техникадан құтылып жатыр. Жаңа көліктің бірі Зайсан ауданына тиді. Арнайы транспорт заманауи технологиямен жабдықталған. Онда жоғары қысым арқылы суды үнемдейтін сорғы бар. Көлікпен өрт сөндіріп қана қоймай, авариялық құтқару жұмысына да қатысуға болады.

Жалпы орман қорының төрттен үш бөлігі ел шығысында орналасқан, сондықтан техниканы жаңартып отыру маңызды.

Аэлита Ахметсәлімқызы, Зайсан ауданының әкімі:

- Мысалы, 2023 жылдың жазында өрт сөндіру бөліміне 30 аспалы өрт сөндіргіш алып бердік. Одан басқа өрт соққыштар алынды. Ең жақсы жаңалығымыз, осы жолы 3 өрт сөндіруші қызметкерлеріне пәтер берілді. Осы жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз.