Үкімет ауыл халқының тұрмысын қалай жақсартпақ?
Елде 6 мыңнан астам ауыл бар, деп хабарлайды 24KZ.
Мұнда халқымыздың шамамен 40%-і, яғни 7,6 млн отандасымыз тұрады. Үкімет елді мекен тұрғындарының тұрмысын қаламен теңестірмек ниетте. Алайда теңдік түгілі қарапайым мектеп пен емханаға зәру ауыл көп. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Премьер-министр Олжас Бектенов ең алдымен маман тапшылығын шешуді тапсырды. Сондай-ақ «Шалғайдағы әкімдіктердің кірісін көбейту керек», – деді. Маңызды нысандар ұлттық жобалар аясында іске қосылады. Ал қалған инфрақұрылымдарды тарту үшін атқамінерлер бюджеттен тыс қаражат тартуға бейім болғаны жөн. Себебі жақын арада қаржы тарту ісін бағалайтын нақты индикаторлар жұмысын бастауы мүмкін. Одан бөлек, Үкімет басшысы сапалы интернет, ауызсу, жарық пен жол мәселесін көтерді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Жалпы Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларынан туындайтын барлық мәселелер жергілікті жерлерде жедел әрі тұрғындардың пікірін ескере отырып шешілуге тиіс. Өңір әкімдіктерімен бірге ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуда кешенді тәсілді қолдану керек. Өңірлік стандарттар жүйесін негізгі бағдарламалық құжаттармен өзара үйлестіруді қамтамасыз ету қажет.