СҚО-да әлеуметтік нысандар тозды
Солтүстік Қазақстан облысы Белый ауылының оқушылары ескі мектепте оқуға мәжбүр, деп хабарлайды 24KZ.
Өткен ғасырдың ортасында салынған ғимараттың спорт және акт залы жоқ. Ал нысанның өзі әбден тозған. Елді мекендегі фельдшерлік-акушерлік пункті де күйреуге шақ. Олар қашан жаңарады?
Белый ауылының орта мектебі сонау 60-шы жылдары салынған. Бірқабатты ғимараттың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Қабырғаларын дымқыл тартып, әбден шөгіп кеткен. Спорт залдың түрі мынау. Балалардың киім ілетін бөлмесі жоқ. Мәдени іс-шаралар да осында өтеді.
Светлана Магуянова, Белый ауылдық орта мектебінің мұғалімі:
- Балаларға орын өте аз және де өткізетін іс-шаралар арналған бізде акт залы жоқ. Біз бәрін спортзалда жасаймыз. Мектептің жағдайы өте нашар. Терезелеріміз ескі. Есіктеріміз, міне, көріп жатқандай. Шатырымыз ол да ескі. Қаншама жыл өзгерген жоқ.
Өзгермеген тағы бір нысан – фельдшерлік-акушерлік пункт. Ауылдағы жалғыз емдеу мекемесі әбден тозған. Дәрігерлер ауырып келген адамдарды осындай жағдайда қабылдайды.
Венера Нұрманова, Белый ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінің санитары:
- Ғимараттың іргетасы бұзылып, қабырғасы түсіп жатыр. Шатыры да сондай. Пешін өзім жағып, ауласын қардан тазартамын. Бірақ ол үшін ақы төленбейді.
Белый ауылында мыңға жуық адам тұрады. Жергілікті тұрғындар екі апта бұрын жаңа әкімді сайлап алды. Қызметке енді кіріскен Руслан Аитов әлеуметтік нысандардың мәселесі былай шешіледі дейді.
Руслан Аитов, Рощин ауылдық округінің әкімі:
- Фельдшерлік-акушерлік пункт 1962 жылы салынған. Ескі. Сондықтан биыл жаңасын салу туралы шешім қабылданды. Ал мектеп бойынша әзірге ата-аналар білім басқармасына хат жазды. Жауабын әлі алған жоқпыз.
Белый ауылы Петропавлдан 5 шақырым қашықта орналасқан. Қала іргесіндегі елді мекенге көшіп келемін деушілер көп. Бірақ оларға әзірге қарапайым жағдайдың өзі жасалмай тұр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.