Қыран баптаған қыз
Алматыда ұлттық ойындарға ден қойған жастар көбейіп келеді.
Солардың бірі көпшілікті өнерімен тәнті етіп жүрген Аяжан Даниярқызы. Ол жоғары оқу орындарының бірінде IT мамандығы бойынша 3 курста оқиды. «Қалада туып-өскен балалардың мұндай өнерге икемі болмайды. Бүркіт баптамақ түгілі, атқа дұрыс міне алмайды, деген пікірді жоққа шығардым»,- дейді. Расында ол жамбы ату мен құсбегілік өнерді насихаттауға үлес қосып жүр. Аңға шығып, тазы жүгірту де жоспарында бар.
«Құсбегілік пен мергендік қазақтың қанында бар. Сондықтан болар осы ұлттық өнерге бүйрегім бұрып тұрды. Онымен айналысам десең қайда тұратының маңызды емес». 20 жастағы алматылық студент Аяжан осылай,- дейді. Құсбегілік пен садақ тартуды 2 жыл бұрын бастаған. Бас кезінде тек садақ атып үйренем деп келген. Кейін бүркіт баптауға ден қойған. Беталысы жаман емес. Жарыстарда бас жүлде алмаса да ақтық сайысқа дейін жетіп жүр.
Аяжан Даниярқызы, студент, құсбегі:
- Мен өзім Алматы қаласында туып өскендіктен, көбісі ойлайды мені қаланың ақсаусағы деп. Дегенмен, адамның өзіне байланысты деп ойлаймын. Егер өзіне мақсат қоятын болса, соған жету үшін барын салады. Тек қана ауылдың балалары емес, қаланың қыздары осындайға жете алатынына мен дәлелмін.
Аяжанның айтуынша, бүркітті кез келген уақытта ұшыруға болмайды. Оның үстіне күннің жылуына байланысты аңшылық маусымы аяқталды. Енді ол бүркітін тек күзде баптауға кіріседі.
Аяжан Даниярқызы, студент, құсбегі:
- Бүркітімнің аты – Арын, 6 жаста. Көріп тұрғандарыңыздай мазасызданып тұр. Себебі, күн жылынғаннан бастап, бұларды қатты мазалай бермейміз. Тек өз маусымына орай, күз, қыс мезгілдерінде ғана жаттықтырамыз.
Бүркіт баптау оңай шаруа емес. Жемі не артық, не кем болмауы тиіс. Шақыруға үйрету, шырғаға салу шыдамдылықты талап етеді. Бәрі бірден бола қалмайды. Бастысы осы өнерге құштарлық керек.
Сұлтансері Есентаев, жаттықтырушы:
- Бұған тек шынайы ынтасы бар, жүрегімен сүйіп қарайтын адам ғана шыдай алады бұған. Сол себепті, Аяжанымыздың ынтасы жақсы, керемет. Көзінен от көріп тұрамыз, осы дайындыққа шыққанда әркез ерінбей, бойындағы күшін жинап шығады.
Этноорталық жетекшісі Сұлтансері Есентаевтың айтуынша қазір жастардың ұлттық спортқа деген ынтасы жақсы. Мысалы, садақ атуға іріктеу жарияланғанда 450 адам өтініш беріпті. Аяжан сол іріктеуден өткен санаулы жастың бірі. Әуелі жебе тартуды меңгерген ол, қазір құсбегілердің де жарысына қатысып жүр.
Аяжан Даниярқызы, студент, құсбегі:
- Жарыста ең бірінші кезең, қолдан-қолға шақыру аттың үстінде отырып, мысалы мен аттың үстінде отырып, құсымды шақыру керек, ол маған келу керек. Аттың үстінде отырып құсты шақыру оңай нәрсе емес. Себебі, сен оң қолыңмен бүркітті күтіп аласың, екінші қолыңмен атты ұстап отыруың керек. 2 затты бірдей бақылап отыруың керек.
Аяжан жаттығуға аптасына үш рет келеді. Қазір негізінен қолын жаттықтырып садақ тартып жүр. Оған қоса бүркіті мен тазыларының бабын жасайды. Алматылық ару: «атадан мұра болып қалған дәстүрді ұстау, болашақ мамандығыма еш кедергі келтірмейді», - дейді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев, Валентин Лобанов