Өлке туризмін дамытудың жаңа мүмкіндігі
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда теңдесі жоқ Үстірт қорығы мен жерасты мешіттерін ЮНЕСКО тізіміне ұсынуды тапсырды.
Жалпы, еліміздің батысында жиырмадан аса жерасты мешіті бар. Біразы Маңғыстау өңірінде орналасқан. Сұлтан үпі, Шақпақ ата, Бекет ата жер асты мешіттерінің қашан салынғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Біріне-бірі ұқсамайтын тарихи нысандардың дүниежүзілік мұралар тізіміне лайық екені даусыз.
Бұл пір Бекет ата жерленген жерасты мешіті. Ақтаудан 290 шақырым қашық Оғыланды жеріндегі тарихи орынға қысы-жазы адам барады. Шақпақ ата, Қараман ата, Шопан ата, Сұлтан үпі жерасты мешітіне де өзге аймақтан, шетелден зиярат етіп келуші көп. Ескеретін жайт, киелі орындар мен туристік мекен - Қызылқала қалашығын бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бойынша жұмыстар бірнеше жылдан бері жалғасып келеді.
Нұрлан Құлбай, Маңғыстау Мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры:
- «Рухани жаңғыру» аясында ол басталып кеткен болатын. ЮНЕСКО-ның бүкіл Орта Азияны зерттейтін орталығының қазіргі басшысы Дмитрий Воякин деген кісі. Сол кісілер өздерінің бастапқы жұмысын бастап кетті. Жібек жолы бойындағы ескерткіштердің тізіміне, Қытайдан бастап біздің Қазақстанның ішімен өтетін тармақтары Отырар, Параф, Сауран деген қалашықтар бойынша және сонымен Маңғыстаудағы Қызылқала қалашығын да алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген болатын.
Тарихи ескерткіштерді жаһандық мұралар тізіміне енгізудің ережесі бар. Қолданыстағы заңнама аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі тиісті құжаттарды дайындап, ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтеріне жолдайды. Мақұлданған жағдайда, Маңғыстау даласында шетелдік мамандардың қатысуымен кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Нұрлан Құлбай, Маңғыстау Мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры:
- ЮНЕСКО-ға бірден еніп кете бермейді. Оның барлық деңгейдегі өзінің мамандары бар. Әрбір ескерткіштің өзінің түпнұсқасы сақталуы керек. Яғни өзінің бұрынғы ескі қалпындағы көрінісі тұруы керек. Сондықтан да біз аудандарда семинарлар өткізіп, әртүрлі жұмыстар жасап, насихаттап жүрміз. Көне, мемлекет қорғауына алынған ескерткіштердің жанынан ешқандай заңсыз құрылыс жүрмеуі керек. Жерлемеу керек бағыта.
Алқажан Еділхан, өлкетанушы:
- Әрине, біз кейбір нысандарымызды зерттеуге міндетті түрде еуропалық әсіресе, неміс, франциялық, ағылшындық экспедицияларға олардың көмегіне жүгінуіміз керек. Олардың көзқарасы өте керек. Бізде тарихқа саяси көзқараспен қарау бар. Жергілікті көзқараспен, рулық көзқараспен қарау бар. Ал оларда ол жоқ. Ойлары таза. Осының өзі бізге өте қажет.
Маңғыстаудың жерасты мешіттерін ЮНЕСКО тізіміне қосу өлке туризмін дамытуға тың серпін береді. Тарихи орындар дүниежүзіне дәріптелген соң, киелі өңірге турист ағылады. «Бұл өз кезегінде мемлекет қазынасына қомақты қаржы түсуіне ықпал етері сөзсіз», - дейді мамандар.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев