Түркістан облысында 70 мың көшет егілді
Наурызнаманың онкүндігі аясында бүгін Түркістан облысы бойынша 70 мыңға жуық көшет егілді.
Наурыз – жаңару мен жаңғырудың мерекесі. Тіршілік атаулының оянып, табиғаттың жандана бастаған сәті. Осыған орай Түркістан қаласының тұрғындары да көктемнің нышаны іспетті мыңдаған жас көшетті көше бойы мен мектеп аулаларына отырғызды. Ағаш егуге аймақ басшысынан бастап, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қызметшілері, білім ұясының ұстаздары мен оқушылары және қала тұрғындары мен коммуналдық сала өкілдері қатысты. Оның ішінде өңір табиғатына бейім келетін үйеңкі, терек, қара ағаш, тұт, жиде, арша және басқа да сәндік ағаш көшеттері бар.
Бердалы Ахметов, қала тұрғыны:
- Жылда егіліп жатқан мына ағаштардың барлығы, өзіміздің қолмен егілген. Кейінгі жастар осыны көрсін, ағаштардың қалай шыққанын, қалай пайда болғанын дегендей. Өзіміз үшін де осы жерде тұратын халық үшін ауа тазарады, адамға көктемде жақсы көңіл күй сыйлайды. Сондай-сондай тіршіліктер.
Жандос Махамбетов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Жалпы осы Түркістан облысы көлемінде 522 мыңға жуық көшет отырғызылады деп жоспарланған. Соның бастамасына аймақ басшысы қатысып, мектеп оқушыларымен бірге мектебіміздің ауласына ағаш екті. бұндай іс-шара барлық жерде, аудан, қалада өтіп жатыр.