Насыбай сатқандар жауапқа тартылды
Астаналық қоғам белсенділері мен волонтерлер насыбай саудасының, сондай-ақ вейптерді ашық жарнамалаудың жолын кесуге үлес қосып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Олар полиция қызметкерлерімен бірге рейд жүргізіп, заңсыз әрекеттерді анықтады.
Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында насыбай таратушыларға жазаны қатаңдату туралы тапсырма берген болатын. Волонтерлар осы бағыттағы нақты шараларды жүзеге асыруға атсалысып жүр. Рейдтің алғашқы күнінде-ақ 100-ден астам заңбұзушылық анықталды. Ал мұндай өнімдерді сатпайтын өзге сауда орындарының иелері мен сатушыларына түсініктеме жұмыстарын жүргізді.
Айгүл, сатушы:
- Насыбай жоқ. Ашылғалы бері сатқан емеспіз. Зиян енді. Денсаулыққа зиян. Иә, кешегіні де естідім. Насыбай сатуға болмайды деп естігенмін.
Рейд барысында 50-ден астам адамға әкімшілік айыппұл салынды. Бір ғана Байқоңыр ауданының өзінде 100 келі насыбай тәркіленді. Ұлт денсаулығы мен мәдениетіне кері әсер ететін жайттарға бейжай қарай алмаймыз, – дейді қатысушылар.
Ұлан Наукен, Қазақстан студенттері альянсының төрағасы:
- Осындай шегілмейтін темеке, снюстерді, насыбайларды жастар көп қолданады. Олар адамның қатерлі ісікке, туберкулезге алып келетінін түсіндіріп, көрсетіп жатырмыз. 18 наурыздан бастап Астана қаласындағы 5 ауданда да жұмыстар жүргізілді. Жалпы ұсталған фактілер болған уақытта 25 АЕК немесе 92 мың теңге көлемінде айыппұлдар салынып жатыр.
Волонтерлар полиция қызметкерлерімен бірге рейдтік іс-шараларды әлі де жалғастыруды жоспарлап отыр. Олар: «әр өңірде осындай зиянды өнімдер сатылмаса екен», – дейді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Серік Қоңырбаев.