Шебердің қолы ортақ

Жетісулық шебер Мейірхан Данышпанов ер-тұрман жасайды.

Оның қолынан шыққан бұйымдарға шетелден де тапсырыс түседі. Ат жарысқа қатысатын азаматтар да сапалы бұйымға қызығады. 

Мейірхан Данышпанов ағаштан ер шабатын кәнігі шеберлердің бірі. Ол ат әбзелдерін аяқтап қазір қазақы белдікті әшекейлеп жатыр. Күміспен күптелген көздің жауын алатын бұйымдарға «Көшпенділер ойынына» және Жаңарқадан-Көкшетауға дейінгі керуенге қатысушылар тапсырыс берген.

Мейірхан Данышпанов, қолөнер шебері:

- «Қазақы киім киіп алып, кәдімгі керуенмен көшеміз»,- дейді. 7 мың шақырым жүреді екен. Ерін әшекейлеп берем. Содан мына белдігін бітіріп берем. 

Алпысты алқымдаған ел ағасы ұлын ұлттық өнерге баулып жүр. Әкелі балалы шеберлер ер-тұрманнан бөлек, сауыт-сайман, найза, қалқан, еліктің мүйізінен кездік, үзеңгі жасайды. Оның барлығын оюмен өрнектейді. «Бұл іске қажырлы еңбек пен төзімділік қажет»,-дейді олар.  

Аманжол Сейдахмет, қолөнер шебері:

- Уақыт көп кетеді бір ертоқым жасау үшін үш төрт ай кетеді. Ал автоматты станоктармен жасаса бір жарым айда жасауға болады. Жан жақты гранттарға қатысып жатырмыз қазір. Алсақ үлкен цех саламыз. Кожа өндіретін цех жасаймыз. Осындай арманы бар. 

Арманын жүзеге асыруға қаражат жағы қолбайлау болып тұр. Мәселе шешілсе облыстың «Үздік қолөнер шебері» атанған ол шәкірт тәрбиелеу ісіне ден қоймақ. 

Мейірхан Данышпанов, қолөнер шебері:

- Ауылда балалар бар ғой. Кеудесінде оты бар. Соларды отырғызып қойып істетіп, көрсетіп осы кезге дейін жинаған білгенімді көрсетіп беріп кетсем олар халыққа қызмет жасайды.

Орталық ашу арқылы Мейірхан Данышпанов қолөнер шеберлерінің жас буынын қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Осылайша бабадан қалған өнердің сақталуына одан әрі дамуына үлес қоспақ. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов