Отандық ғалымдар «фотокатализатор» жасады
Еліміздегі таза су қоры жыл санап азайып келеді.
"Алдағы сегіз жылда тіршілік нәріне тапшылық 15 пайызға жетуі мүмкін". Сарапшылар осылай дейді. Қазір мәселені шешуге отандық ғалымдар атсалысып жатыр. Олар судағы ластаушы заттардың ыдырауын жеделдететін «фотокатализатор» жасап шығарды. Оның экологияға да оң әсері бар көрінеді.
Адамзат үшін ауадан кейінгі қажеттілік суда. Онсыз тіршілік тоқтайды. Бірақ ол шектеулі ресурсқа айналды. Таза су қорының көлемі азайып жатыр. Мәселені шешуге отандық ғалым Батухан Татықаев 4 адамнан құралған командасымен кіріскен. Мысалы мына ұнтақ тәріздес зат «фотокатализатор» деп аталады. Ол күн сәулесінің әсерінен судағы ластаушы заттардың зиянсыз элементтерге ыдырауын тез іске асырады. Сондай-ақ ол оңай синтезделеді.
Батухан Татықаев, энергия сақтау жүйелері зертханасының жетекші ғылыми қызметкері:
- Фотокатализаторды қоршаған ортаны тазарту және жасыл сутекті өндіру үшін қолданамыз. Қоршаған ортаны тазарту дегенімізде органикалық заттармен ластанған суларды фотокаталитикалық жолмен тазарту және ауадағы органикалық үшкір заттарды осы жолмен тазарту болып табылады. Біз қоршаған ортаға зияны аз тиетін технологияларды дамытуымыз керек. Ал енді химиялық технология дегенде, әрдайым бізге энергия көзі керек. Ол – күн сәулесі.
«Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. Бұл ресми статистика. 2040 жылға таман оның тапшылығы 50 пайызға жетеді деген болжам да бар. Ал 2050-ші жылы еліміз «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Сондықтан экологияға оң әсері тиетіндей су тазартатын жаңа технологияларды жасаған ғалымдарға қолдау қажет», - дейді сарапшылар.
Айжан Сқақова, эколог:
- Қазақстанда су ресурстарына, әсіресе оның ластануына әкелетін өнеркәсіп орындары көп. Қазір елдегі 69 өзен «ластанған» санатына кіреді. Тек 9-ы «орташа ластанған» қатарында. Мұндай көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Біз экология мен тіршілік нәрінің ластануына жол бермеуіміз керек. Ал бұл ретте, арнайы технология ойлап табатын ғалымдардың рөлі айырықша. Оларға қолдау қажет.
Осыдан 2 жыл бұрын Батухан Татықаевтың бастауы Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қолдау тапты. Жаңа технологияны зерттеп, оны жасап шығару жобасына ведомство 50 миллион теңгеден астам қаржы бөлген.
Авторлары: Альмира Оразбай, Серік Қоңырбаев