Қарымды қаламгер М. Сәрсеке дүниеден озды
Заңғар жазушы, драматург Медеу Сәрсеке 88 жасында дүниеден озды.
Өндіріс пен шығармашылықты қатар ұстаған қарымды қаламгер 1936 жылы Семей облысында дүниеге келді. Алматыдағы Кен-Металлургия институтын тәмамдап, еңбек жолында өндірісті тастамай, шығармашылықпен ұштастырды. Бұл талғамды оқырманның ыстық ықыласына бөленген ғылыми фантастикалық туындылардың жазылуына жол ашты. Сол үшін кей замандасы оны инженер-қаламгер деп те атайды. Алғашқы екі кітабы үшін 1962 жылы КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі» «От және атом», «Жетінші толқын» хикаяттары оқырманға кеңінен тарады. Шығармалары 100 мың данамен жарияланып, күллі Одаққа мәлім болды. Жазушы қаламынан 7 драма шықты. Солардың төртеуі театрларда біраз уақыт кассалық табыспен қойылды. Шығармаларында Сәтбаевтың мұрасын зерттеп, көптеген еңбектер жазды. Семей полигонының зардабын да қармады. «Хабар» Агенттігі марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.