Ырыс алды – ынтымақ. LIVE
Наурызнама онкүндігі бойынша бүгін - Ынтымақ күні.
Павлодардағы мерекелік шараға шетелдік студенттер белсене қатысып жатыр. Олар Нигерия, Пәкістан, Ауғанстан, Моңғолия және Қытайдан келіп білім алып жатқан жастар. Көктемнің шуақты мерекесін тойлауды өңірдің барлық ауданы бастап кетті.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Ұлыс оң болсын. Павлодарға шетелден келіп білім алып жатқан жастар өте көп. Олардың кейбірі мұндай мерекенің барын біле қоймайды. Араларында алғаш рет тойлап жатқандар да бар. Менің бір байқағаным шетелдік студенттерді ең бірінші қазақтың ұлттық киімдері қызықтыратын сияқты. Себебі бәрі бірдей қазақы нақышта киінген. Наурыз арқылы олар ұлтымыздың тарихы, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен тереңірек танысады.
Ертеде Наурызды тойлау он күнге жалғасқан деседі және оны «Наурызнама» деп атаған екен. Қайта жаңарып жатқан мерекенің әр күні белгілі бір тақырыпты қамтыған. Бүгін Наурызнама он күндігіне сәйкес Ынтымақ күні. Біз тұрған жоғары оқу орны да осы тақырыпқа баса мән беріпті. Себебі, аты айтып тұрғандай ынтымақ бірлікке, татулыққа бастайды. Жалпы халықтардың бір-біріне деген сый-құрметін артыруға негізделген. Өздеріңіз білесіздер бұл ұғымның мәні мен мағынасы өте терең.
Павлодардағы басты мереке ертең Орталық алаңда тойланады. Ал бүгін қаланың 14 шағын ауданында киіз үйлер тігіліп, сахналық көріністер әзірленген. Жастарға арналып Ертістің жағалауында алтыбақандар орнатылды. Көпшілік назарына эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама, театрландырылған қойылымдар, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, танымдық көрмелер мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.