Ұлыстың ұлы күнін елордалықтар барлық сән-салтанатымен тойлап жатыр
Ұлыстың ұлы күнін елордалықтар да бар сән-салтанатымен тойлап жатыр.
Келелі шараның бірі Ататүрік саябағында «Қош келдің, Әз Наурыз!» деген атумен өтті. Мұнда тұрғындар ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, түрлі спорт түрлерінен бақ сынасты. Қысқасы, мерейлі мерекені тұтас қала тату отбасыдай атап өтті.
Қаз-қатар тігілген киіз үй, ұлттық ойын және ән мен би. Бүгін Байқоңыр ауданындағы Ататүрік саябағы қазақы салтты берік ұстанған ауылға айналды. Алдымен эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті. Сондай-ақ қала тұрғындары қазақ күресі, арқан тартыс, гір көтеру және асық ату сынды спорт түрлерінен күш сынасты.
Марат Мұстафин, қала тұрғыны:
- Бірімен бірі қауышып, жақсы халықтың көтерілген көңілін көрдік. Жалпы ел-жұрт қыстан шығып, нелері көтеріліп, куй-жайлары, халықтың күлімсіреп қауышып жатқанына соған риза болып жатырмыз. Бірлік болса, тірлік болады дейді. Осындай тойлар көп болсын!
Иә, қонақтардың көңілі тоқ. Мұнда ұлттық ойындардан бөлек салт-дәстүрлер де дәртіптеліп, жаңғырды. Халқымыз ғасырлар бойы ұстанған әдет-ғұрып, салт-дәстүрден сыр шертетін көріністер қойылды. Әз-Наурызға арнап ұйымдастырылған фотозона маңына жиылған жұрттың да қарасы көп.
Айгүл Анапьянова, қала тұрғыны:
- Ұлттық мерекеміз құтты болсын, қазақ елімізге. Осындай мерекелер қазақ жерімізде бола берсін. Бейбітшілік заман болсын. Әрқащан жұртымыз, аман еліміз тыныш болсын. Ақ мол болсын!
Наурыз - жалпыхалықтық мереке. Бұл сөзді саябақтағы достық көрініс айғақтайды. Тұрғындар бір-бірімен арқа-жарқа қауышып, балалар мәре-сәре. Ұлысқа ұлық мереке ертең де сағат 13:00 мен 15:00 аралығында жалғасады.
Бекзат Аманов, Жандос Битабаров