Шетелдіктер Наурыздың тойлануына куә болды

Ұлыстың ұлы күнін Атырау өңірі де кең көлемде атап өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

«Амал» мерекесінен басталған әз-Наурызға арналған мерекелік шаралар жалғасты. Бүгін Исатай-Махамбет алаңындағы ғажайып көрініс осынау 9 күнге созылған «Наруызнаманың» шығар шыңы ретінде нағыз халықтық мереке ретінде тойланды. Еліміздегі көмірсутегі шикізатының 65% шоғырланған өңірдегі мұнай-газ өнеркәісібінде көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр. Оларда жүздеген шетелдік маман еңбек етеді. Бүгін олар да жергілікті тұрғындармен Ұлыстың ұлы күнін бірге тамшалады.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- 10 мың адамдық Исатай-Махамбет алаңында бүгін нағыз мерекелік көңіл күй есіп тұрғандай. Жиналған жұртшылық бір-бірін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, кішісі үлкеніне амандасып, мәре-сәре болып жатыр. Наурыз мейрамының құрметіне облыстағы іргелі мекемелер ондаған киіз үйлер тігіп, қарияларды қонақтап, баталарын алуға асығып жатыр. Ал топ болып жиналған жастар жағы қол күресі, кір тасын көтеруден «кіл мықтыдан кім мықтыны» анықтаса, балалар асық атып, ләңгі теуіп, ұлттық ойынның көрігін қыздырған. Киіз үй демекші, бүгінгі халықтық мерекені арнайы келіп тамшалаған шетелдік меймандар ақшаңқан ордалар мен әсем отаулардың іші-сыртын тамашалап жатыр. «Теңіз», Қашаған», және «Қазақстанның тұңғыш газ химиясы» кешені жүзеге асып жатқан өңірде жүздеген шетел азаматтары еңбек етіп жүр. Олар бүгін Ұлыстың ұлы күніне деген жергілікті тұрғындардың құрметі мен қонақжайлығына таңғалғандықтарын жасырмайды.

Нұрай Явуз, Түркия азаматы:

- Өте әдемі, киімдеріңіз әдемі, музыкаңыз, әндеріңіз де әдемі. Маған өте ұнады. Бұрын Түркияда тек кітаптан ғана оқыған едім. Мұнда бәрін көзбен көрдім. Мен үшін өте әдемі болды.

Элай Фокс, АҚШ азаматы:

- Бұл – Атыраудағы алғашқы наурызым. Тамаша! Әсіресе киіз үйдің құрылысына таңғалып тұрмын. Шеге-сымсыз, ешқандай тірексіз осындай үйді құрастырған қазақ – дана халық. Мен оны өнердің озық үлгісі деп білемін.

Биылғы Наурыз мерекесінің басты ерекшелігі, «Амал» мерекесінен басталған ұлттық нақыштағы эстафета әрбір ауылда, әр ауданда мерекелік бағдарламаға сай жалғасты. Бұған дейін ұлттық киім, тал егу, ұлттық спорт күндері атап өтілген еді. Ал кеше қала іргесіндегі 8 ауылдық округте шығармашылық ұжымдардың концерті ұйымдастырылды. Бүгін кешкісін біз тұрған облыстың бас алаңында жергілікті және отандық өнер жұлдыздарының қатысуымен кеңейтілген концерттік бағдарлама жоспарланған. Осылайша, күллі қазақстандықтар секілді атыраулықтар да Ұлыстың ұлы күнін үлкен ұйымшылдықпен, зор қуанышпен қарсы алып жатыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.