Наурыз халықаралық деңгейде тойланды
Жер-көктің түгел жаңарған шағында Жыл басын елордамыздың ең жаңа ауданы халықаралық деңгейде атап өтті.
Нұра ауданы әкімдігінің мерекелік шарасы орталық саябақты нағыз той думанның ортасына айналдырды. Оған алыс жақын елдердің елшіліктері де ат салысты.
Елорданың Орталық саябағында бүгін де кісі қарасы қалың. Астананың ең жас ауданы екі күн қатарынан Наурызды дүркіретіп, халықаралық деңгейде атап өтті. Жыл басын тойлауға Нұра ауданы әкімдігіне Иран мен Тәжікстан елшіліктері бірлесіп киіз үй тікті.
Али Акбар Талеби Матин, Қазақстандағы Иран елшілігінің мәдени өкілі:
- Иранда Наурыз мерекесі 13 күн тойланады. Соның алғашқы күнінде сіздердегідей Көрісу мерекесі атап өтеміз. Сол күні жақындарымызбен жүздесіп, өткенде қалған өкпе-реніштерді кешіріп, жаңаруға, тазаруға ұмтыламыз.
Жамоледдин Астанакулов, аспаз /Тәжікстан:
- Палауымыздың аса дәмді болуының құпиясы жан-тәнімізді салып дайындауда шығар. Сосын зығыр майын қосамыз. Кешелі бері 1000 адамға палау дайындадық.
Түркі және парсы халықтарына ортақ мерекеге жергілікті әкімдік екі ай көлемінде дайындалған. Сондықтан болар мазмұнды бағдарламаны тамашалап, берекелі дастарқаннан дәм татқан елорда тұрғындары мен қонақтарының қарасы қалың.
Әлия Абсеметова, Астана қаласы «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары:
- Осы екі күнде 15 мыңнан астам адам келді осы біздің орталық саябаққа. Ұлттық той думанымыз - Наурыз тойын бірге солай тойлауға. Енді палауға келсек, бір тонна палау пісірілген болатын. Бүгін де тоннадан астам палау пісіріледі. «Хан сорпасы» пісірілді. ХVIII ғасырдың «хан қазанына» сорпа кеше пісірілсе, бүгін бауырсақтар әзірленді.
Әкімдік Наурызды тойлаудағы халықаралық ынтымақтастықты бекіте түсуге ниетті. Келешекте өзге де елшіліктермен қарым-қатынас аясын кеңейте бермек.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Руслан Әлиев