Ақтауда Наурыз мейрамы теңіз жағалауында тойланды
Ақтауда Ұлыстың ұлы күні жылдағы дәстүрмен теңіз жағалауында тойланды.
Дала сахнасы алаңында отызға жуық киіз үй тігіліп, 50 мыңнан аса көрермен жиналды. Көпшілік наурыз көжеден дәм татып, ұлттық нақыштағы бұйымдар қойылған «Сән-Құрақ Fest» көрме-байқауды тамашалады. Спортшылар, өнерпаздар мен еңбек ұжымдары атқа мініп, салтанатты көш ұйымдастырды.
Сәні мен салтанаты жарасқан көш шаһардағы шағын ауданның жолдарымен жүріп өтті. Көптің ішінде құмай тазы ертіп, қолына бүркіт қондырған спортшылар ерекше көз тартады. 2022 жылы «Ұлы дала жорығы» атты марафон-бәйгеде топ жарған маңғыстаулық шабандоздарға да көпшіліктің құрметі айрықша. Көкпар, аударыспақ, дәстүрлі садақ ату және құсбегілік спортта жеңімпаз атанған жастар да халық ықыласына бөленді.
Қайрат Бұрбасов, облыстық ұлттық спорт түрлері орталығының басшысы:
- Өзімізде екі жылда бір өтетін «Көшпенділер» ойындары осы жылы елімізде Астана қаласында қыркүйек айында өтеді. Соған қазір іріктеулер жасақталып жатыр. Бізден әзірге облысымыздан 5-6 спортшымыз жолдама алып отыр. Алда жарыстарымыз бар. Тоғызқұмалақ, жекпе-жектен спортшыларымыз бар.
«Сән Құрақ-Fest» байқауында 19 ісмердің қолынан шыққан сырмақ, құрақ көрпелер көрермен көңілінен шықты. Дәстүрлі сайыс ұлттық қолөнерді дәріптеп, жұмыссыз қыз-келіншектерді ата кәсіпке баулуды көздейді. Байқау жеңімпазы бір жыл бойы аудан-ауылдарда тегін шеберлік сабақ өткізеді.
Тілектес Болатбаева, байқауды ұйымдастырушы:
- Қатысушылардың саны 38 болды. Онлайн режимдер өздерінің жұмыстарын ұсынды. Әділ-қазылар алқасы солардың ішінен 29 қатысушыны таңдап, өздерінің жұмыстарын алып келді. Ақтау қаласынан, Мұнайлы мен Жаңаөзен, облыстың түкпір-түкпірінен қатысып отырған шебер қыздар.
Ұлыстың ұлы күніне орай жағалауға тігілген киіз үйлерді маңғыстаулық қолөнер шеберлері әзірлеген. Сол жерде ас-сусыннан дәм татқан көпшілік ұлттық спорт жарыстары мен театрландырылған қойылымды тамашалады. Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев, Александр Убейкин