Елорда тұрғындары «Наурыз сәлемін» жолдады
Биылғы Наурыз бұрынғыдан бөлек.
Он күн тойланған бұл мерекенің елге берері бар. Салт-дәстүр дәріптеліп, әдет-ғұрып әдіптелді. Қала тұрғындары Ұлыстың ұлы күнін көңілді тойлады. ЭКСПО алаңында өткен мерекелік шарада эстрада жұлдыздары ән шырқады. Алты ақ шаңқан киіз үй тігілді, жәрмеңке ұйымдастырылды.
Астана аспаны шайдай ашық, тұрғындары көңілді. Шуаққа толы Наурыз мейрамын тамашалауға келген халықтың қарасы қалың. Дәстүрі тәлімге толы, әдет-ғұрпы сақталған көшпенді халықтың ұлттық бұйымдарынан көрме ұйымдастырылған.
Ырымғали Мырзағұлов, қала тұрғыны:
- Бүгін міне күн шуақты тамаша күнде Наурыз мейрамы Астана төрінде өтіп жатыр. Барлығы жақсы, халықтар міне көңілді. Көңілден шығып жатыр, мына күннің шуағы бәрі сәтімен Наурыз десе Наурыз, жаңа жыл десе нағыз жаңа жыл!
Мара Серікбайқызы, қала тұрғыны:
- Әр күннің өзінің ерекшелігі бар. Соның бәрін құрметтеп, әдемілеп, жақсы күйде осылай қазағымыз бақытты болып, Қазақстанымыз ғұмырлы болып, бүкіл елге денсаулық тілеймін!
Салтын ұмытпаған, ұмыт қалғанын ұлықтаған ағайынға қазақстандықтық суретшілер, жазушылар жәрмеңкеде өз бұйымдарын таныстырды. Ақбоз үйдің іші-сыртын тамашалап, қазақы нақышта киім киген астаналық жұрт «Наурыз сәлемін» жолдады.
Тойғұлы Нұрғалиев, қала тұрғыны:
Еліңмізге жақсылық тұрақтайды!
Осы жыл жетімдерді жылатпайды,
Жалтақтатып мейірім сұратпайды.
Үлкеннің кішілерге сөзі өтеді,
Кішілер кішілікті сөз етеді.
Ұлғаным Ыспанова, қала тұрғыны:
- Ұйымдастырып жатқан мерекелеріңіз, келіп жеткен мерекеміз құтты болсын барлықтарыңа. Биылғы жыл бақытымен бағымен келсін. Жаңарған Қазақстанда жақсы өмір сүрсін. Мен Түркстан облысынан келіп тұрмын, әдейі осыны көріп, тамашалауға. Жақсы өтіп жатыр, ұймдастырушыларға рахмет!
Жалпы биыл 14 наурыздан бастап, екі жүздей іс-шара өтуі тиіс болса, қаланың бес ауданында ұйымдастырылды.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Жандос Битабаров