Атырауда тұрғын үй құрылысы қарқын алды

Атырау қаласында көпқабатты үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Былтыр облыста жалпы ауданы 738,2 мың шаршы метрлік 5570 пәтер тапсырылған болатын. Оның басым бөлігі көпбалалы отбасы мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар мен баспана кезегінде тұрғандарға берілді. Бұл үрдіс биыл да жалғасын табады.

«Береке» ықшам ауданындағы 72 пәтерлік 3 үйдің екеуінің құрылысы аяқталып келеді. Енді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту қалған. Ал үшінші үй осы жылдың аяғында тапсырылады. Осылайша, тағы 200-ден астам атыраулық баспаналы болады.

Саламат Әсетәлиев, құрылыс прорабы:

- 3-ші үйде қазір тас қалау жұмыстары жүріп жатыр. 6-шы қабатқа келіп қалдық. Одан басқа, ток монтаждау жұмыстары, жылуды бастап жатырмыз. Бұл пәтерлер – 3 және 2 бөлмелі пәтерлер. 2 бөлмелігі 66 шаршы метрден 36 пәтер бар, 3 бөлмелісінен 80 шаршы метрден 36 пәтер бар. 

Атырау қаласындағы «Самал», «Талғайраң» ықшам аудандарында да қолжетімді баспана құрылысы кешенді жүріп жатыр. Таяуда Атырау қаласында 132, Мақат ауданында 12 отбасы баспаналы болды. Қалғандары кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.

Нұрберген Құсайынов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

- Барлық салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер кредиттік, арендалық және жатаханалар болып табылады. 2024 жылдың жоспарына сәйкес 750 мың шаршы метр болып бекітілді. Бұл жоспар жылдың аяғына дейін орындаймыз деп отырмыз. Былтырдан бастап көпбалалы аналарға арнап пәтер сатып алу бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Биылғы жоспарымыз 200-ге жуық пәтер сатып аламыз деп жоспарладық. 

Былтыр әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін республикалық және жергілікті бюджет есебінен 262 пәтер сатып алынды. Енді осы үрдісті аудан орталықтарында да жалғастыру көзделіп отыр. Жалпы облыс бойынша 14 мыңнан астам отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Осыған орай тұрғын үй құрылысына демеуші компанияларды тарту арқылы Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарынан 60 пәтерлік 7 үйдің құрылысы қолға алынбақ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.