Отбасы – басты құндылық
Наурыз мейрамы қарсаңында отбасылық құндылықтарды да айрықша дәріптеу маңызды.
Мысалы, Қарағанды облысы, Абай қаласында тұратын Айтжановтар отбасы көпке үлгі.
Ошарап пен Роза Айтжанова бір бірін бала күнінен таниды. Олар бір ауылда туып өскен. Қолаң шашы иығына төгілген бйжеткенге бозбала Ошарап сезімін білдіріп, отбасын құру туралы ұсыныс жасайды. Міне, содан бері арада 50 жыл зырғып өте шықты.
Ошарап Айтжанов, Абай қаласының тұрғыны:
- Адамгершілігі жақсы, балаларға жақсы қарайды. Қолынан бәрі келеді. Қандай тамақ, ол туралы проблема жоқ. Барлығы келеді қолынан. Бір жағынан ақылды. Танысқаннан кейін айттым шешеме. Шешеме ұнай кетті. Сөйтіп барып, құда түсіп, содан кейін үйленіп кеттік.
Кеншілер отбасында өскен Ошарап Қарпекұлы 30 жылдан астам уақыт бойы шахтада бел жазбастан еңбек етті. Бүгінде құрметті демалыста. Алтын асықтай қос ұлы әке жолын қуып, кеншілік мамандықты таңдады. Ал Роза Медиянқызы – кітапханашы. Ол қазір де кітапханада жұмыс істейді. Ұл-қызын көркем әдебиет оқуға баулып, гүл өсіруді үйреткен. «Біз бір бірімізге кешірімді бола білдік. Бұл ең басты отбасылық құндылық», - дейді ол.
Роза Айтжанова, Абай қаласының тұрғыны:
- Бір біріне мейірбанды болу керек өмірде. Махаббатарың шын махаббат болса, мен ойлаймын онда бірге күліп, жайнап жүре береміз. Жұмыста да, бір біріне ешқашан да «сенің жұмысың, менің жұмысым» деп бөлмей, бірге істесе, бәрі болады өмірде.
Ошарап пен Роза Айтжанова екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан жеті немере, бір шөбере сүйді. Үлкендерден алған тәлім-тәрбиенің арқасында балаларының бәрі еңбекқор, адал, қайырымды болып өсті. Биыл бұл әулетте бір емес, қос мерейтойдың құрметіне ақ дастархан жайылады. Ата-анасы «алтын», ал үйленгеніне 25 жыл толған үлкен ұлы «күміс» тойын тойлағалы жатыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Марина Золотарёва, Сайран Ақамбаев, Зарина Зулпыхар