Қызылорда облысындағы магистральдің 83 шақырымы толық асфальтталды

Қызылорда-Жезқазған жолының Қызылорда облысына тиесілі 216 шақырымдық бөлігінде құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

Магистральдың 83 шақырымы толық асфальтталған.

Сондай-ақ трассаның 31 шақырымының төменгі қатпары нығыздалған. 6 лотқа бөлінген автожолды 5 мердігер салып жатыр.  

Көліктердің кідіріссіз жүруі үшін 130 шақырым айналма жол салынған. Облыс аумағына кіріп-шығуда қиындық жоқ. Жол азабы Жезқазғанға жақындағанда басталады дейді жүргізушілер. Жолаушылар тасымалымен айналысатын Мұратбек Нұрмаханов ми батпақтан әрең шығып келгенін айтады. 

Мұратбек Нұрмаханов, қала тұрғыны:

- Жолда қиын болды, жолмен жүре алмайсың тек жиегімен жүресің. Өйткені гравий жолдардың өзі ойылып-ойылып қалған. Сол себепті қашып, әйтеуір бірдеңе қылып жеттік қой. Көктемге қарай ол жаққа жету өте қиын. Батпақ болғанда мына жеңіл машиналар мүлдем жүре алмайды. Үлкен машиналардың өзі бір-бірін сүйреп жүреді әупірімдеп. Егер салынып жатса Астанаға, Жезқазғанға барып-қайту оңай болары еді. Халыққа тиімді.

Өңір халқының көпжылғы күткен күре жол құрылысы қыстай тұралап, көктем шыға қауырт жұмыс басталды. Автотрасса салу барысында 750 адам жұмыспен қамтылып отыр. Келер жылы пайдалануға берілуі тиіс 2 жолақты жолға 3 қабат асфальт жабындысы төселеді. 

Ерсайын Мұзафар, "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ филиал директорының орынбасары:

- 5 лотта 24 пен 2016 шақырым аралығында толықтай құрылыс жұмыстары басталды. Оның ішінде жер жұмыстары, айналма жолдарды салу, жасанды құрылғыларды салу. Оның ішінде су өткізгіш құралдар, мал өткелдері, жолдың жиегін нығайту. Обочина дейміз ғой. Сол жұмыстар бастау алды. Сонымен қатар қыс айларында инертті материалдарды учаске басына жеткізу жұмыстары жүргізілді

Қазір Қызылордадан шыққан жолаушы Астанаға 1 тәулік шамасында жетеді. Автобан аяқталса жол уақыты 11 сағатқа қысқармақ. Тек Қызылорда емес, Шымкент қаласы, Түркістан мен Ақтөбе облыстарының солтүстік өңірлермен сауда қарым-қатынасы дами түседі. Астана қаласына оңтүстіктен көкөніс, бақша өнімдерін тез әрі көп көлемде жеткізуге мүмкіндік туады.

Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев