Елордада мыңнан астам автобус жүргізушісі жетіспейді

Елордадағы автобус парктерінде мыңнан астам жүргізуші жетіспейді.

Ал қала халқы жылдан жылға көбейіп, қоғамдық көлік қажеттілігі артып барады. Жүргізушілердің жалақысы қазір қосымша төлемдерді есептегенде 800 мың теңгеге дейін жеткен. 

Соның өзінде автобус басқару куәлігі барлардың көбі мұндай жұмысқа орналасуға құлықсыз. Себебі неде?

Қызыл жанатын болса, мына кнопканы басасыз. Ал жасыл болса, жасылды басасыз. Бұл жерде тез істеу керек.

Бұл автобус жүргізушілерінің тез шешім қабылдау қабілетін тексеру үрдісі. Әр маман үш жыл сайын осы және өзге де сынақтар тапсырады. Хәкім Аманбаев қоғамдық көлік тізгіндегелі 25 жыл болған. Талдықорған, Алматы қалаларында еңбек еткен ол енді Астанаға ауысып келген. Айтуынша, бұл қызмет ептілік пен төзімді талап етеді. 

Хәкім Аманбаев, автобус жүргізушісі:

- Тасымал өте ауыр жұмыс қой. Жауапкершілік көп қой, елдің бәрін аман-есен жеткізу, жол тәртібін бұзбау, уақытында жүру. Жалақы 600-700-дің жоғары жағында. Жастардың көбі қазір такси қызметіне кетіп жатыр ғой, жеңіл жұмысқа. Автобус ауыр ғой.

Мамандардың айтуынша, елордадағы автобус жүргізушілерінің орташа жасы 45 шамасында. 

Дана Күлмаханова, оқытушы:

- Авария болған жағдайда немесе қолайсыз жағдай болғанда олардың реакциясы тез көрсету керек. Сондықтан осы жерде тексеріп аламыз. Жастардың реакция жылдамдығы жақсы боп шығады. Ал жасы үлкен болса, олардың реакциясы төмен болып шығады.

Қалалық мансап орталығының мәліметінше, жыл басталғалы бері автобус парктеріне 89 маман жолданған. Д санаты бойынша жүргізу куәлігі бар тағы 60-қа жуық адам әлі жұмыссыз ретінде тұр. Олардың біразы қоғамдық көліктерді басқарудан бас тартса, енді бірі компания талаптарына сәйкес келмеген. 

Сәния Мәметова, қалалық мансап орталығының бөлім басшысы:

- Жұмыс уақыты таңғы 6-дан түнгі 12-ге дейін. Ол өте ауыр боп кетеді. Сонымен қатар автопаркке жақын жерде тұруы керек. 45-50-ге жақын кісілердің уже денсаулығына қарайды. Оның арасында карточкасы да арестте тұрады. Сол жағынан кішкене өтпей қалады. 

Астанада 96 бағытқа мыңнан астам автобус қатынайды. 2 мыңға жуық жүргізуші екі күн сайын өзара ауысып қызмет атқарып жүр. Автопарктерде еңбек күшінің тапшылығы айтарлықтай сезіледі. Қазірдің өзінде кемінде мың шақты жұмыс орны бос тұр.

ГРАФИКА:

Жолаушылар тасымалдау қызметі 

Бағдар - 96

Автобус - 1401

Жүргізуші - 1851

бос жұмыс орны - 1110 

Бірер жыл бұрын жүргізушілердің жалақысы 300 мың теңге шамасында болса, қазір 500 мың теңгеден басталады. Жол ережелерін сақтау тәртібі мен еңбек өтіліне қарай үстемақы қарастырылған. Автопарктер маман тапшылығын шешу үшін тағы бірқатар шара қабылдап жатыр. Сондай-ақ заңға өзгеріс енгізу ұсынылды. 

Оксана Әубәкірова, "City Transportation Systems" ЖШС баспасөз хатшысы:

- Жалақысы өсірілді 800 мыңға дейін. Одан кейін, жүргізушілер бұрын смена аяқталғаннан кейін автобусты жуып болғанша күтетін. Қазір олар олай күтпейді. Яғни үйлеріне кете береді. Автобусты басқа адам кіргізеді мойкаға. +Басқа өңірлерден жүргізушілерді тарту жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 25 жастан бастап жастарға көп сенімсіздік білдіретін де шығар, бірақ қазір сондай заң қарастырылып жатыр. Жас шамасын төмендету туралы. Өйткені жүргізушілер жетіспейді. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бас қалада жыл соңына дейін автопарктерді жаңа 300 қоғамдық көлікпен толықтыру көзделген. Наурыздың аяғында соның қырығы желіге қосылады. Өз кезегінде жүргізушілердің тапшылығын жедел жою мәселесі күйіп тұр.

Еркебұлан Смадияров, Арман Ақшабаев