Қоғамдық орындарда қауіпсіздікті күшейту қажет

Мәдениет ошақтары мен спорт кешендері, ойын-сауық орталықтары секілді демалыс орындарының құрылысы мемлекеттің қатаң бақылауында болуы тиіс.

Мәжілісте Айдос Сарым Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтерді. Айтуынша, өзге елдерде болып жатқан лаңкестік әрекеттерден сабақ алған жөн. Депутат сонымен қатар кез-келген мәдени-спорттық шараны өткізудің алгоритмін бекітуді ұсынды. Ұйымдастырушылардың тәртіп сақшыларымен және құтқарушылармен бірлесе әрекет ету тетіктері нақты белгіленуі тиіс. Осындай мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлермен оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, оқыс оқиға кезіндегі іс-әрекетті әрдайым пысықтап отыру қажет. Депутат еліміздегі бұқаралық іс-шаралар жиі өтетін ғимараттардың өртке және лаңкестік әрекетке қарсы құрал-жабдықтарын жиі тексеруді ұсынды.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Көрші мемлекеттегі қайғылы оқиғаны сараптай келе марқұмдардың тек үштен бірі лаңкестердің қолынан қаза болғандығы анықталды. Қалғандары өрттен және ұйымдастырушылар мен күштік құрылым өкілдерінің жіберген қатесінен көз жұмды. Бұл ғимараттар оқыс оқиға бола қалған жағдайда халық үшін тас қапасқа айналмауы тиіс.