Ежелгі адамдар қандай тамақ жеген?
Қызылорда облысында алғаш рет ежелгі дәуірдегі тағам қалдықтары зерттеледі.
Озық технологияларға негізделген жобаға отандық ғалымдармен бірге жапон мамандары да қатысады. Ол үшін архео-ботаникалық әдіс қолданылады. Арал маңынан табылған қыш ыдыстардың түбінде қалған тағам қалдықтарын талдау арқылы қола және темір дәуіріндегі тыныс-тіршілікпен тереңірек танысу жоспарланған.
Ежелгі адамдардың күнделікті ас әзірлеу әдісі мен егін шаруашылығы туралы тың ақпараттар алуға болады. Үш жыл бойы жалғасатын жобаны Жапония қаржыландырады. Негізгі зертханалық жұмыстар Токио қаласындағы Мэйдзи университеті мен тастарды зерттеу орталығының базасында жүреді.
Жетесби Сұлтанжанов, археология және этнография орталығының ғылыми қызметкері:
- Қазіргі уақытта Ислам Құрманиязов сол салада маман болып даярлануда және бұл соның Жапон ғалымдарымен бірлескен жобасы. Мысалы, бұған дейін көміртектік талдау арқылы біз ескерткіштің дәл мерзімін анықтауға тырыссақ, қазіргі уақытта архео-ботаникалық зерттеу арқылы ақпараттарды дәл ала аламыз.