Ең көп жалақы төленетін жұмыс

Ақпан айында жұмыс берушілер өнеркәсіптік альпинистерге ең жоғары жалақы ұсынды.

Электрондық еңбек биржасында олардың айлығы 1 млн теңгеге дейін барады. Жоғары еңбекақы өнеркәсіптік альпинистердің қауіпсіздігін қаншалықты қамтамасыз етеді? Әлде, осы бір мамандық түріне сұраныс артты ма?

Бақтияр Жақыпов 8 жыл тәжірибесі бар альпинист. Тек таудың орнына биік ғимараттарға өрмелейді. Өнеркәсіптік альпинистер үшін жұмыстың қызатын шағы – жаз, дейді. Әрине, қыста да тапсырыс табылады: зәулім үйлердің қасбеттерін жылылау, тігістерін бекіту, жарық жүргізу, қар аршу, тағы басқасы. Күн сайын жүздеген метр арқан мен қорғаныс құралдарын сайлап, қызметіне кіріседі.

Бақтияр Жақыпов, өнеркәсіптік альпинист:

- Менің ең бірінші көтерілген нысаным ЭКСПО алаңындағы сфера болатын, атауы есімде жоқ. Сонда жұмыс істедік. Астанадағы, меніңше, Орталық Азиядағы ғой деймін, ең биік ғимарат Абу Даби Плазаны салуға атсалыстық. 76 қабат, 330 метр биікте салбырап тұрып, салмағы 400 келілік шыны пакеттерді ауыстырдық. Ол кезде тиісінше ең жоғары жалақы төленді.

Бақтиярдың айтуынша, альпинист жұмысында тәжірибені шыңдау маңызды. Мамандықтың қыр-сырын әбден меңгерген уақытта 100-150 метрден асатын биік те түк емес. Тек мұқият болған жөн. Сосын, желдің екпіні секундына 15 метрден асса немесе жаңбыр жауса, жұмыс тоқтатылады. Қауіпсіздік талабы сондай.

Бақтияр Жақыпов, өнеркәсіптік альпинист:

- Біздің жұмыста қателік жіберуге болмайды. Сол себепті сертификаттаудан өтіп тұрамыз. 2020 жылы Әзербайжан астанасы Бакуге барып, ИРАТА халықаралық сертификатының бірінші деңгейін алу үшін оқудан өттік. Ал 2023 жылы Ыстамбұл қаласында екінші деңгейден өттік. Жоспарым одан әрі біліктілігімді жоғарылату.

Жалақы мәселесіне тоқталайық. Бәрі сіз бен біз ойлағандай оңай емес. Статистика көрсеткен миллион теңге жалақы бұл кәсіптегі екінің біріне бұйыра бермейді екен.

Арман Хасенов, ЖШС директоры:

- Жоғары жалақы туралы мәлімет сәл бұрмаланған деп есептеймін. Жұмыс берушілер еңбек биржасында сондай жалақы көрсеткен де шығар. Ол Атыраудағы мұнай кен орындарындағы вахталық жұмыс болуы мүмкін. Бірақ, ірі қалаларда орташа жалақы 500-600 мың теңге. 1 млн-2 млн айлық туралы жаңалықтардан кейін, тіпті ешбір тәжірибесі жоқ адамдар келеді. Салдарынан қайғылы оқиғалар болып жатыр. Былтыр қазан айында 4 адам құлап кетті.

Тәжірибелі маман өнеркәсіптік альпинистерді оқытып, жоғары талапқа сай сертификат беретін орталықтар елімізде кемде-кем, - дейді. Тіпті оны заңсыз сатып алушылар табылады. Ал бұның соңы жұмысшы үшін ауыр зардапқа әкеп соғуы мүмкін.

Арман Хасенов, ЖШС директоры:

- Салада 20 жылдық тәжірибесі бар адам ретінде айтарым, заң өте әлсіз. Біз ұзақ уақыт бойы Қауымдастық аясында халықаралық стандартқа жақын жобаны енгізуге тырыстық. Бірақ ол қабылданбады. Қазіргі бұйрық қауіпсіздік тұрғысынан, сақтандыру жағынан да жұмыскерлерді қорғамайды. Кәсіпке қойылатын талап жағынан да олқылығы көп.

Сонымен өнеркәсіптік альпинизм саласында бәсекелестік жоғары болғандықтан, жалақы деңгейі кәсіби біліктілікке сай сараланатыны белгілі болды. Жұмыс берушілер әдетте 3 жылдан артық еңбек өтілін талап етеді. Сонымен қатар тәжірибесіз, арзан еңбек күшін қолданатындар бар.

Сәния Мәметова, қалалық әкімдіктің мансап орталығы жұмыс берушілермен байланыс бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі таңда біздің еңбек.кз порталында 8 жұмыс берушіден яғни компаниядан сұраныс келіп түсті. Біздің базада қазіргі кезде 7 кісінің резюмесі тұр. Бірақ оларда еңбек тәжірибесі аз. Ал олардың беріп отырған жалақысы 120 мың теңгеден 1 млн тг дейін болып тұр. Ал еңбек өтілі жоғары мықты маман млн теңгеден жоғары сұрап тұр. Негізі жұмыс берушілердің талабы 3 жылдан жоғары болу керек. Қанша дегенмен мынау биік ғимаратқа шыққаннан кейін адамның қауіпсіздігі бірінші орында  ғой.

Мамандар, жалпы, ақпан айында еңбек нарығындағы белсенділік төмендегенін тілге тиек етті. Алдыңғы аймен салыстырғанда бос жұмыс орындары 17%-ке азайып, түйіндемелер 41%-ке кеміген. Бүгінде электрондық еңбек биржасында 113 мыңнан астам жұмыс іздеуші тіркелген, сондай-ақ 81 мыңға жуық вакансия бар.

Сәния Мәметова, қалалық әкімдіктің мансап орталығы жұмыс берушілермен байланыс бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда бізде IT мамандықтарға сұраныс артып та отыр. Жалақы да мол. Сонымен қатар заңгерлер, мықты есепші бухгалтер, юрист мамандықтарына сұраныс өте көп. Мысалы маған қазір 8 адамға заңгер бос жұмыс орнын жібердік. Жалақысы 500 мыңнан жоғары.

Сондай-ақ жұмыс берушілер бас құрылысшыға орта есеппен 650 мыңнан жоғары, жүйелік сәулетшіге 600 мың теңгеден бастап жалақы ұсынған. Өз түйіндемелерінде IT-бөлімінің басшысы 890 мың, коммерциялық ұйым директоры 850 мың теңге еңбекақы алғысы келетінін көрсеткен.

Жұмыс беруші ұсынысы:

Өнеркәсіптік альпинист – 1 млн тг-ден бастап;

Бас құрылысшы – 656 мың тг-ден бастап;

Жүйелік сәулетші – 600 мың тг-ден бастап.

Түйіндеме:

IT-бөлімінің басшысы – орта есеппен 891 мың тг;

Коммерциялық директор – 846 мың тг бастап.

Рухани Асқар, Абдулхамит Бөлекбаев, Артур Горшняков, 24.KZ.