Шіркін, көпір тез бітсе ғой...
Қарағанды облысында Ғабиден Мұстафин ауылы мен Теміртау қаласын жалғайтын көпірдің құрылысы бітпей-ақ қойды.
Тұрғындар жол болмаған соң, мұз боп қатқан Нұра өзені арқылы көлікпен қатынайды. Енді қар еріп, көктем келгелі 40 шақырым айналады. Ауылдан шыға берісте жаяу жүргіншілер өткелі бар. Бірақ оның өзі апатты жағдайда.
Бұл мәселе Ғабиден Мұстафин ауылы тұрғындарын 2015 жылдан бері алаңдатады. Сол кезде елдімекенді қарғын су басып, жаяу жүргіншілер өткелін шайып кеткен. Тұрғындар ауылдан 3 шақырымдай қашықта орналасқан Теміртау қаласына осы апатты өткел арқылы өтеді. Ал қыстыгүні 40 шақырымдық айналма жолдан қашып мұз боп қатқан Нұра өзенімен төтесінен тартады.
Нұрлан Жабаев, Ғабиден Мұстафин ауылының тұрғыны:
- Мұзбен жүреді. Қаншама машина кетті. Көпір салса жағдай тамаша болады. Көбісі Теміртауда жұмыс істейді ғой. Ал былай Ақтаудан айналса, көп уақыт кетеді.
Былтыр өзенге екі көлік батып кеткен. Жаңа көпірдің құрылысы 2022 жылы басталған. Жоба бойынша жыл соңына дейін көлік қозғалысы үшін ашылуы тиіс. Бірақ 2 тірегінен басқа ештеңе салынбаған.
Нұрлан Есентаев, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:
- Салып жатқан көпірдің жолында тас кезігуіне байланысты корректировка жасалған былтыр. Енді алдыңғы жылдан бастап көпір салынып жатыр. Биыл желтоқсан кезінде жолды ашады. Ары қарай жұмыстары бар. Өйткені асфальт салу керек. Оларды келесі жылға деп белгілеп отыр.
Көпірдің құрылысына жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жауапты. Үш жыл ішінде жүзеге асуы тиіс жобаға 2 миллиардқа жуық теңге бөлінген.
Арғынғазы Қуанышев, жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының бас маманы:
- Бұл көпір қазіргі көпірден 30 метрге ұзын болады. 2 метрге биік болады. Ол судың көп көлемін өткізуге мүмкіндік береді. 7 тіректен тұрады. Асфальт төселеді. Арқалықтары болады. Жарықтандыру бар.
Қаржының биыл 500 миллион теңгесі игерілді. Бірақ жұмыс келер жылы толық аяқталмақ. Кестеден кешіккен құрылысты облыс басшылығы да сынға алып, жұмысты жеделдетуді тапсырған.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар, «24.KZ», Қарағанды облысы