Сәбиінің шетінегенін жасырып, әлеуметтік төлем алатындар бар
Елде бөбектің шетінегенін жасырып, әлеуметтік төлем алғандар анықталды.
Мысалы Ақтөбе облысында осындай 4 дерек тіркелді. Ал Қызылорда, Қарағанды облыстарында кей отбасы баласын басқа шаңыраққа заңсыз саудалаған.
Мұндай заң бұзушылықтар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиесілі «Отбасының цифрлық картасын» тексеру кезінде белгілі болды.
Электрондық жүйенің ақпаратына сәйкес, 30 мың бүлдіршін білім беру мекемесінің табалдырығын аттамаған. Олардың әлеуметтік мәртебесі беймәлім. Осыған орай өңірлерде мобильдік топтар құрылып, із-түссіз кеткен балаларға іздеу салынды. Нәтижесінде 28 мың 500-і табылды.
Сәкен Сәмет, ҚР Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары:
- Баланың қайтыс болуына қарамастан, олардың жанұялары балаға арналған жәрдемақыларды алып келген және балаларды ешбір құжатты рәсімдемей бөтен тұлғаларға беру, яғни асырап алуға беру фактілері анықталған болатын. Бүгінгі күні тергеу әрекеттері жүргізілуде.