Абай облысында қар суының қарқыны бәсеңдеді

Абай облысында қарғын судың қарқыны бәсеңдеді.

Өзендердегі су деңгейі біршама төмендеді. Ақсуат және Аягөз аудандарында эвакуацияланған тұрғындар үйіне оралды. Ал көпірін су шайып кеткен елді мекендерге еріктілер көмек көрсетіп жатыр.

Кеше Боғас өзенінде су деңгейі көтеріліп, Ақсуат ауданының екі елді мекенінің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Аягөз қаласының шет жағындағы 43 жеке тұрғын үйден 172 адам мектеп-интернат пен жасөсіпірімдер спорт мектебіне орналастырылған еді. Бүгін жағдай тұрақталған соң барлығы үйіне оралды.

Дария Қожахметова, Кіндікті ауылының тұрғыны:

- Енді мынандай тосын апат қой бұл енді. Халқымыз аман болсын бәрінен де. Аналық атымнан рахмет айтамын бәрлеріңізге! Мына вертолет жіберіп халық үшін. 

Айнұр Екібасова, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Кеше бізде сегізде үйден шығу туралы ескерту жасалды. Барлықтарымыз үйден шығып, осылай туған туысқандарымыздың үйіне кеттік. Автобустар келді. Көмек келді. Өзен жақтарға құмдар апаралып, судың алдын алу тоқтатылуын бәрін алдын алды. 

26 наурызда Аягөз бен Бозай ауылын байланыстыратын көпірді су шайып кеткен болатын. Қазір елді мекен халқына волонтерлар мен жастар азық-түлікті қайықпен жеткізіп жатыр. Төтенше жағдай мамандары мен полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Азамат Орымбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Қазіргі таңда Абай облысы бойынша су тасқыны жағдайы тұрақты. Су басқан аулалар және тұрғын үйлер жоқ. Жалпы облыс бойынша су тасқынының алдын алу жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары тартылған. Жалпы саны 82 адам, 15 бірлік техника, 7 қайық, 10 су сорғыш құралдары.

Бүгін облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Жарма және Аягөз аудандарындағы су басқан ауылдарға барды. Аягөз қаласында шұғыл жиын өткізіп, тиісті органдарға жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Айта кетейік, бұған дейін Аягөз бен Ақсуат аудандарында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланған болатын.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов