Елордада «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына сұраныс артты
Былтыр бұл бағытқа 900 орын жоспарланған, бірақ жыл соңына дейін қатысушылар саны мыңнан асып кеткен.
Сонымен қатар «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары да жас мамандардың еңбек жолына бастау болып, кәсіби тұрғыда шыңдалуда ықпал етіп отыр.
Жарқынай елордадағы жоғары оқу орнын құқықтану мамандығы бойынша былтыр ғана тәмамдады. Ол еңбек жолын алдымен «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен ұштастыруды ұйғарыпты. Осы әдіс арқылы қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында тағылымдамадан өткен. Мүмкіндікті тиімді пайдалана білген Жарқынай кейін сол мекемеге жетекші маман болып тұрақты жұмысқа орналасты.
Жарқынай Сапарбек, жас маман:
- Негізі келісімшарт 6 айға созылады. Мен мұнда 4 ай бойы жұмыс жасап, біліктілігімді көрсете біліп, 4 айдың ішінде осында жұмысқа орналаса алдым. «Жастар тәжірибесі» жобасы өте тиімді болды. Маған үлкен мүмкіндік болды. Жұмыс барысы қатты қиын емес. Өзімнің тәжірибелі әріптестерімнен үйренерім көп. Үйреніп алып жатқандарым да көп.
Мекемелер мен өндіріс орындарының көбі қызметке тек еңбек өтілі бар мамандарды алады. Сондықтан дипломын енді ғана алған жастар жұмыс таппай әлек болатыны рас. «Жастар тәжірибесі» жобасы дәл осы мәселені шешуге бағытталып отыр. Биыл Астанада бұл бағдарлама аясында 900 квота бөлінген.
Бағила Орымбетова, қалалық мансап орталығының директоры:
- Былтыр да сол 900 болды, бірақ 900-ден асып, 1052 адам қатысты. Жұмысқа орналасуы 50 пайыздай бар. Яғни, тең жартысы жұмысқа тұрып кетті. «Жастар тәжірибесі» 5 жыл болса, «Алғашқы жұмыс орны» 3 жыл өтпеу керек дипломына. Жалақысын Еңбек мобильділігі орталығынан төленеді 12 ай бойы. Мөлшері 30 АЕК, ол 110 760 теңге.
Сонымен қатар жұмыс берушілер «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы ұжымдағы зейнет жасына таяған қызметкердің ізбасарын дайындай алады. Яғни, тәжірибелі маман зейнеткерлікке жарты жыл қалғанда жас кадрға жетекшілік етіп, тағылымдамадан өткізуі тиіс.
Бағила Орымбетова, қалалық мансап орталығының директоры:
- Былтыр біз 17 адамды осы бағдарлама бойынша жұмысқа тұрғыздық. Биыл жоспар бойынша 8 адам. Алайда жұмыс берушілердің сұранымы болу керек. Болып жатса, іздеушілердің ішінен сұраныс болып жатса, жоспардан тыс орындауға болады.
Осылайша қазір жастар мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отыр. Жыл басталғалы 1 200 жас маман тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Арман Ақшабаев, Ырыстанбек Оспанов