Еліміздің түкпір-түкпірінде еріктілер жылу жинап жатыр

Қазақстандықтар көктемгі тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен бірге!

Қазір су басқан аймақтарға еліміздің түкпір – түкпірінде гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Ал Солтүстік Қазақстан облысына сонау Түркістаннан құтқарушылар жасағы шықты.

Қызылордалық волонтерлар топан судан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинап жатыр. Облыс орталығы мен аудандардан арнайы жинақтау бекеті ашылды. Бұл жерде тұрғындар әкелген заттар мен киім кешектер сұрыпталады. Еріктілер неғұрлым аз уақытта барынша көбірек көмек көрсетуді жоспарлаған. Сондықтан әлеуметтік желі арқылы хабарлап қана қоймай, сауда орындары мен кәсіпкерлік нысардарды аралап, жылу жинауға кірісті. Бірінші кезекте күрек, резеңке етік, гигиеналық заттар мен тез бұзылмайтын азық-түлік қорын жасақтауға басымдық берілген. «Игі шараға 50-ге жуық ерікті студент қатысып жатыр. Олардың қатары күн сайын толыға бермек. Жүк тасымалдау үшін автоволонтерлер де дайын»,-дейді ұйымдастырушылар.

Болатбек Айтбенбетов, облыстық еріктілер фронт офисінің жетекшісі:

- Облыс көлемінде, аудандардан қаржылай көмек көрсететін есепшот сұрап жатқаны рас. Осы біріңғай есепшот шыққан бойда сол кісілерге ақпаратты жолдайтын боламыз, қаржылық көмек жинау бойынша.

30 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді

Түркістан облысының ерікті жастары су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысына 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті. Демалыс күндері облыстық «Жастар ресурстық орталығына» аудан-қалалардан киім-кешек, гигиеналық заттар, ұн, сұйықмай, макарон өнімі, тұз, қант, көрпе-төсек пен төсеніш-кілемдер және басқа да қажетті заттар жиналған. Бұл өңір жастарының су басқан аймаққа жіберген алғашқы көмегі емес, бұған дейін де жастар орталығы белсенділері жергілікті әкімдікпен бірлесіп 1 жүк көлігін жөнелтсе, күні кеше Сайрам ауданының депутаттары мен қолы ашық азаматтары 2 жүк көлігіне қажетті заттарды тиеп жолға шығып кетті. Жауаптылар көмек бұнымен тоқтап қалмайтынын, әлі де жан-жақтан көмек қолын созушылардың көп екенін жеткізді.

Мақсұтхан Расулханұлы, волонтёр:

- Қазіргі таңда еліміде көптеген жерлерді су алып жатыр. Көптеген тұрғындар баспанасыз қалып жатыр. Мал-жандар қырылып атыр. Соған біз бейжай қарап отырмай, Түркістан жастары облыс орталығында арнайы штаб құрып, жүзден аса еріктілер жиналған көмекті су басқан аймақтарға жіберіп жатырмыз. Біз су басқан аймақтармен біргеміз.

Ерлан Күзембаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Біріншіден, жастарға рахмет айтамын. Өздерінің барын, нар екенін көрсетіп, аудан-аудандарды үйлестіріп, ағаларын, тұрғындарды, кәсіпкерлерді, меценаттарды жұмылдырып, ұйымдастырды. «Күшіміз бірлікте» дегендей осы акцияны жалғастыратын боламыз. Алдағы уақытта да көмектерді жөнелтеміз.

Тараздықтар көмек қолын созды

Осындай игі істен тараздықтар да шет қалмады. Қаланың әр бөлігінде 10-ға жуық жүк көлігі қойылған. Автокөліктерге аса қажетті азық-түлік пен киім-кешектер тиелген. Тұрғындардың бірі ақшалай көмек берсе, ендігісі сырт киім мен барын әкеліп жатыр. Еріктілер арнайы шот ашып қаржы да жинау үстінде. Оған етік, балалар жөргегі мен дәрі-дәрмек сынды ең қажетті заттар алынады.

Баян Көшкінбаева, қала тұрғыны:

- Қиын қыстай кезеңде бір-бірімізге көмектеспесек кім көмектеседі. Көмектесіңдер барлықтарыңды шақырамын. Көріп жатырмыз, жүрегім ауырып барымды алып келдім. Балдарға ақ жол тілеймін. Аман есен жеткізсін сәлемімізді, аман-есен болсын.

Айдос Алпысбаев, волонтёр:

- Тараз қаласының тұрғындары өте керемет қол ұшын созып жатыр деуге болады. Кейбір жігіттер кеше көзімізге жас та алып жатырмыз. Беретін ақшасы жоқ, қалтасында 500 теңгесі бар курткасын шешіп беріп кетіп жатыр. Кәсіпкер кісілер матрастай беріп жатыр,плет беріп жатыр енді шамасы жеткеніне байланысты. Бір заправка жол несіне көмектесеміз деп жатыр. Кеше бір тәуліктің ішінде 3 газельіміз толды толық.

Құтқарушылар жасағы келді

Ал Солтүстік Қазақстан облысына Түркістаннан 50 құтқарушы көмекке келді. Олар тасқын қаупі жоғары Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Тайынша және Тимирязев аудандарына жіберіледі. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, бұл аймақтарда әлі де қар қалың. Сондықтан оңтүстіктен тартылған мамандар алдын алу, бақылау жұмыстарына жұмылдырылады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңірде 87 елді мекенді су басуы мүмкін. Синоптиктердің болжамы бойынша, осы аптаның соңына қарай күн күрт жылынады. Сондықтан құтқарушылар сақтық шараларын барынша күшейтіп отыр. Жедел – әрекет ету штабы тәулік бойы жұмыс істейді.

Мұрат Қанғожинов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Кеше Ақмола облысы Алексеевка ауылындағы гидротехникалық нысан толып, Тайынша қаласына қауіп төндірді. Тұрғындар балаларын көшіріп, өздері үйде қалды. Бірақ ағын су бөгетке жетпей тоқтап, қазір сабасына түсті. Басқа елді мекендер аман.

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға «Қазақстан халқына» қоры мен бизнес өкілдері де көмек көрсетеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы шұғыл шаралар қабылдап, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. 

Аймақтағы тілшілердің көмегімен Айдарбек Айтмұхамбетұлы