Су тасқыны. Ел боп көмек жинап жатыр

Астаналықтар тасқыннан зардап шеккен өңірлерге 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті.

Қазір қала бойынша бірнеше мекенжайда көмек жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Яғни, алдағы уақытта тағы да ондаған жүк көлігі жолға шығады.

Еліміздегі тасқын су басқан өңірлерге астаналықтар да көмек қолын созып жатыр. Қазір Астанада бірнеше гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылды. Солардың біріне біз де келдік. Өзіміздің азғантай көмегімізді де ала келдік.

- Ал, енді, Жанна ханым, осы қабылдау пунктінде қандай заттар қабылданып жатыр? Бұл сіздердің бірінше рет жасап отырған көмектеріңіз бе?

Жанна Ерденова, гуманитарлық көмек қабылдау пунктінің кураторы:

- Біздің жасап жатқан көмек бірінші рет емес. Біз 7 жылдан аса жұмыс істеп жатырмыз. «Жақсылық жаса» деген қорымыз. Бізде үш жерде. Әл-Фараби көшесінде, Қалдаяқов көшесінде және осы біз тұрған Уәлиханов көшесінде қоймамыз бар. Жаңа біз болған, подъезд жақтағы қоймамыз, ол жақта адамдардың киілген киімдері әкелген. Сол жақта сұрыптаймыз. Жақсы нәрселерді, киілетін киімдерді біз алып қаламыз да, қаптарға реттеп саламыз. Аяқ киімдер де солай болады. Өйткені, ол жақта, оларда мүмкіндік жоқ оларды жуатын, кептіретін. Сол себептен біз жақсы киімдерді беруге тырысамыз.

- Мына жерде азық-түлік...

- Иә, мұнда азық-түлік, күнделікті тұтынатын заттар тұр. Дәретхана қағазы, памперстер, тіс паста, порошок, сабын, балалар киімі, колготкилар, барлығы жаңадан. Иә, жаңадан әкелген. Біз осы жерде сұрыптаймыз. Кеше бір кісі, жомарт жан бутигынан круткалар алып келді. Этикеткамен, жап-жаңа киімдер. Міне, үш сумкасы тұр. Мұны реттеген жоқпыз. Қараған жоқпыз. Өйткені ол бутиктан этикеткамен келген киімдер.

- Осы уақытқа дейін, осы жақын күндері тасқын судан зардап шеккен халыққа қанша көмек жібердіңіздер? Бұған дейін мәшинелер жөнелтілді ме сол жаққа қарай?

- Ол жаққа алдыңгүні 4 «Газель» кетті, кеше 5 «Газель» кетті, бүгін 20 тонналық жүк көлігі дайындалып жатыр. Құдай қаласа, кешке жібереміз.

Жалпы, Астанадан өңірлерге 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді. Ұлттық волонтерлер желісі таратқан ақпарат бойынша киім-кешек, азық-түлік, жеке гигиена құралдары тиелген 14 «Газель» діттеген жеріне жетті.

Көмек жинау қазір де жалғасып жатыр. Елордада 9 қойма істеп тұр. «Көп түкірсе – көл» деген. Қолда барын тасыған қалалықтарды осы жерлерден кездестірдік.

Астана қаласы бойынша гуманитарлық көмек қабылдау пункттері:

Петров көшесі, №7 үй;

Қалдаяқов көшесі, №11 үй;

Әл-Фараби көшесі, №16 үй;

Тамшалы көшесі, №24 үй;

Момышұлы көшесі, №26 үй;

Қарасай батыр көшесі, №2 үй;

Уәлиханов көшесі, №25/2 үй;

Жұмабаев көшесі, №21б үй;

Шолпан Қалыңқара, қала тұрғыны:

- Соған енді өзіміз қазақ болып, қазақ болғаннан кейін асарлатып, жылулатып көмек беріп жатырмыз. Өз үйімде не бар, соны алып келіп тұрмын. Балалардан алып, осы өзіміздің ағайын бәрі, қазақ халқы бір-бірімізге ағайынбыз. Сол ағайындарға көмек берейік, қол ұшын созайық деп келіп тұрмыз. Киім-кешек әкеліп тұрмын. Орамал, сүлгілер, ол да керек болып қалар деп әкеліп тұрмын.

Жанат Маратқызы, қала тұрғыны:

- Таза киімдер, жаңадан өзіміз сатып алып, осылай беріп отырмыз көмек ретінде. Олардың, енді естіп жатырмыз ғой, бүкіл киімдері, үйлері суға кетті. Бүкіл Қазақстан халқына ауыр тиіп жатқан жағдай ғой. Сондықтан да бүкіл Қазақстан халқын қолдауға шақырамыз.

Су басқан өңірлерге «Жастар Рухы» Жастар қанаты да жан-жақты көмек көрсетуде. Бүгінде 500-ден астам волонтер ортақ іске бір кісідей жұмылды. Олар гуманитарлық көмек таратумен ғана шектеліп отырған жоқ. Бұзылған ғимараттарды қалпына келтіруге жәрдемдесіп, құтқару қызметтеріне, тұрғындарға ыстық тамақ жеткізіп жүр. Сондай-ақ, судың жолын бөгеп, жалғызбасты қарттарға да көмек көрсетіп жатыр.

Ақерке Искандерова, "Жастар рухы" жастар қанатының төрағасы:

- Таңертең әуе қатынасы арқылы гуманитарлық көмектің бір бөлігін алыс аудандарға жөнелттік. Қазір тағы бір жүк көлігіне гуманитарлық көмек тиеліп жатыр. Бұл жүктер шалғайдағы ауылдарға жеткізіледі. Айта кету керек, төтенше жағдай аяқталғаннан кейін де біздің волонтерлердің жұмысы тоқтамайды. Жігіттер мен қыздар тасқын су салдарын жоюға көмектесіп, елді мекендерді тазалау жұмыстарына атсалысады.

Аймақтардағы көмек жинау пункттерінде де қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, демалыс күні Ақтөбеге Түркістан облысының көмегі жеткізілді. Сонымен қатар, Атырау облысының тұрғындары да ақтөбеліктерге 8 тонна азық-түлік, басқа да керек-жарақ жеткізіп берді. Сөйтіп, ел халқы осынау қысылтаяң шақта бекем бірліктің үлгісін тағы бір мәрте көрсетті.

Нұрқанат Қанапия, Мадияр Қындыбаев, 24.KZ