Депутат: Электр энергиясы нарығы дұрыс бақыланбайды

«Электр нарығы дұрыс бақыланбайды. Әр трансформатор иесі жарықты ойына келген бағамен сатады».

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, делдалдар қуат көзінен қыруар қаржы тауып отыр. «Мысалы, Алматы облысы Кемертоған ауылында 160-тан астам жекеменшік қосалқы станция бар. Бір киловатт құны – 28 теңге мен 47 теңге аралығында». Депутат жергілікті электр қуатын пайдалануды реттеуге шақырып, жаңа заңда делдалдар мәселесі қалай реттелетінін нақтылады.

Данияр Қасқарауов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жекеменшік иелері трансформаторларға техникалық шарттарды, инженерлік желілерді жүргізуге қалай рұқсат алған? Электр қуатына қосылу құны 350 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін және одан жоғары екен. Электр нарығы бақыланбайды. Бұл электр қуатын ұрлау, жатыпішер делдалдық емес пе? Кейбір жекеменшік иелері заңнан жалтарып, ауылда тұтынушы кооперативін ашып, жарық сатуда. Мұны қалай түсінуге болады?

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Шынында да, осыған дейін өңірлерде жекеменшік кәсіпорындар жекелеген подстанциялар салған. Олар меншік иелері болғандықтан, бұл подстанцияларда бос электр қуаттарына қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Олар реттелмейді, яғни баға келісімшартқа сай болады, осыған байланысты белгілі бір қарама-қайшылықтар бар. Себебі тұтынушыларда басқа көздерден электр энергиясын алатындай балама жоқ. Қазір осындай активтерді бұл иелерден өңірлік жергілікті электр желілік компанияларға беру бойынша үлкен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.