XVIII-XX ғасырлардағы құнды қолжазбалар табылды
Қызылорда облысынан XVIII-XX ғасырлардағы құнды қолжазбалар мен сирек кітаптар табылды.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Қызылордаға іссапар барысында XVIII-XX ғасырлардағы құнды қолжазбалар мен сирек кітаптарды тапты. Халықтың қолында сақталған 24 тарихи мұраның ішінде XVIII ғасырдың соңында жазылған Шариғат туралы қолжазба, 1904 және 1912 жылдары Қазан баспасында шыққан Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабы бар.
Ғалымдар Құран мен оның түркі тіліндегі түсініктемесін, «Жами ар-Румуз», 1909-1910 жылдары Мысыр баспасынан шыққан «Бадаи ас-санаи фи тартиб аш-Шараи» (Жолды ретке келтірудегі ғажайып өнер) кітаптарын, 1898 жылы басылған «Шарх Канз ад Дакаик» кітабының 6-шы томын, «Канз ад дакаик» (Дәлдіктің қазынасы) жинағы және Ташкентте жарық көрген «Аллаяр сопының хикметі» мен «Нұр әл ғашықин» (Сопылық) кітаптарын тапты. Тарихи мұралардың барлығы Ұлттық орталықтың қорына табыс етілді.
Сондай-ақ литографиялық баспадан шыққан, Қазанда басылған «Хафтияк Шариф», Ташкентте басылған «Өлеңдер», «Фикһ» кітабы, «Ғияс әл Луга» (сөздік) және өзге де құнды қолжазбалар да орталықтың қорын толықтырды.
«Жазба дүниелердің барлығы жергілікті халықтың сандығында, шатырында, сарайында сақталған. Көне жазбалардың жағдайы өте нашар және реставрацияны қажет етеді. Қазір реставрация-консервациялық зертханада кітаптарға дезинфекция мен дизенсекция жасалып жатыр. Әрі қарай қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, көшірмесі жасалады»,- деді Ұлттық орталықтың Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Камшат Пәрімбекова.
Ғалымдар тобы мемлекеттік кітапхана, музей, архив мекемелеріне де барды. Ұлттық мұраларды іздеу, зерттеу жұмыстары өзге де өңірлерде жалғасады.