Қызылқоға ауданына әскерилер көмекке келді. LIVE
Атырау облысындағы су басу қаупі төнген ауылдарға әскерилер көмекке келді.
Қарабау ауылында қазір 150 сарбаз өзен арнасының 3 шақырымға жуық жағалауын бекітіп жатыр.
Айта кетейік, Атырау облысында Ойыл өзені арнасынан асып, тасқын су 7 елді мекенге қауіп төндірген болатын. Біздің атыраулық әріптестеріміз 2 күннен бері қарғын судан, қорғанып жатқан халықтың жанында.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- 10 күнге жуық аудан халқын әбігерге салған Ойыл өзені әлі қалпына түсер емес. Бүгін сағат 10-дағы мәлімет бойынша тасқын 4 ауылдық округтен өтіп, Тасшығыл ауылына таяған. Әзірге адамдар аман, құлаған үйлер тіркелген жоқ. Бір қуанарлығы, қарғын су өткен ауылдарда біртіндеп су деңгейі түсіп келеді. Біз кеше хабардар еткен Көздіқара ауылдық округінде судың деңгейі 10 см-ге төмендеген. Дегенмен Тасшағыл, Қаракөл және Қарабау ауылдарына карғын су жеткен жоқ. Соның ішінде бүгін біз тұрған Қарабаудың жағдайы күрделі оның себебі бұл ауыл өзеннің ең төменгі сағасында орналасқан және Ералы су торабынан шығатын Ойылдың екі тармағы осы аймақта қайта қосылады. Тағы бір қауіп, басқа ауылдарды өзен сыртын айналып өтсе, осы ауылды қақ жарып өтеді, яғни басқа округтерге қарағанда қарабаулықтарға бөгет құрылысын 2 есе артық соғуға тура келіп тұр. Кеше Қарабауға 150-дей әскери көмекке келген болатын. Олар жергілікті тұрғындармен бірлесіп қап толтырған құммен жаға бекіту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Күні бүгін 25 мың қап бөгет басына жеткізілді.
Жалпы облыс бойынша тасқын судың қаупі күшейіп келеді. Бұған дейін Орал өңірін басқан Жайық өзеніндегі қызыл су осы айдың 14-15 күндері Атырауға жетеді деген болжам бар. Сондай-ақ Жылыой ауданын Жем өзені қыспаққа алып жатыр. Қарағай, Шоқпартоғай ауылдарына кірді деген мәлімет бар.