Орталық Азияның мемлекеттік қызметкерлері тәжірибе алмасып жатыр

Электрондық үкіметті дамыту рейтингі бойынша Қазақстан 193 елдің ішінде озық отыздыққа енгені белгілі.

Осыған байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі сингапурлық әріптестерімен бірлесе, Орталық Азияның мемлекеттік қызметкерлері үшін «Достық – цифрландыру» оқыту бағдарламасын ұйымдастырды. Өтеусіз негізде жүргізіліп жатқан тәжірибе алмасу жұмыстарына қазақстандық халықаралық даму агенттігі ұйытқы болды. Елордада 1 сәуірде басталған іс-шара ертеңге дейін жалғасады. +

Арманай Мирасқызы, ҚР СІМ «KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігінің баспасөз хатшысы:

- Осы бағдарламаға қатысуға біз Орталық Азиядан 20 мемлекеттік қызметкерді шақырдық. Ол бағдарлама бойынша біз Сингапур мен Қазақстандағы цифрландыруды тәжірибемізбен бөлісіп жатырмыз. Жалпы Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мемлекеттерінен және де осы бағдарлама аясында Назарбаев Университетінен, Сингапурдан шақырылған профессорлар, Ұлттық ақпараттық технологиялар компаниясынан спикерлер оқыту жүргізіп жатыр.

Жанар Иманалиева, Қырғызстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі:

- Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы электрондық үкімет қатар дамып келе жатыр деп айта аламын. Өйткені бағытымыз бір. Жүйелердің жұмысы бәрімізге ортақ, тек атауларында айырмашылық болуы мүмкін. Дәрісте ойға түйген біраз ақпаратты өз елімізде пайдаға жаратамыз деп ойлаймын.