Қалаға қатынауға теміржол кедергі
Шымкенттегі Тассай шағынауданы тұрғындарының орталыққа қатынауы қиындап барады.
Себебі пойыздардың жүру жиілігі үдей түсті. Шойын жол жалғыз өткелді жапқандықтан, көлік жүргізушілер сағаттап кептелісте тұруға мәжбүр.
Қала іргесіндегі Тассай шағынауданында 11 мыңға жуық халық қоныстанған. Тұрғындардың тең жартысы жұмыс бабы, тірлік қамы деп осы жолмен орталыққа қатынайды. Алайда асфальтті үш қатарлы шойын жол бөліп тұр. Ал поездың жүру жиілігі қысқа. Сондықтан олар «ұзынсонар көлік кептелісінен көз ашпай келеміз», - дейді.
Арман Байзақов, Тассай шағынауданының тұрғыны:
- Мынау жүк машиналары өтіп-өтіп жолды мүжіп тастады. Кептеліс осыған келген кезде. Қазір поезд келіп, жабылатын болса, кептеліс шақырым болып кетеді былай қарай. Мына жаққа пәленбай шақырым, мына жақ анау Жібек жолына қарай тіреледі.
Шойын жолға жақын орналасқан үй иелері пойыздың шуына үйренді. Алайда қоршау мен жарық жоқ. Сондықтан түнде адам өміріне қауіп төнеді. Оның үстіне құтқарушылар мен жедел жәрдем кептелістен бөгелсе, уақытылы ем алу да қиындайды.
Әділхан Наурызов, Тассай шағынауданының тұрғыны:
- Бұл жерге көпір салмаса, бұл кептеліс өмірі бітпейді. Өте қиын. Қалалық әкімшілікке де айтып жатырмыз. Нәтиже жоқ. Сосын мына жерге маршрут жүргізбейді. Қанша халық жаяу шығады мына жаққа.
Теміржолдан тірлігі тұралап, қатынасы қиындаған халықтың уәжі жергілікті билікке жақсы таныс. Айтуларынша 5 жылдан бері өтінішке мардымды жауап жоқ.
Тассай шағынауданынан орталыққа қатынайтын балама өткелдің бірі осы. Бірақ кеңестік кезеңде салынған жер асты туннелінің сапасы сын көтермейді. Жеңіл көлік тұрмақ, жаяу адамның өзі әрең өтеді.
Салаға жауаптылар көлік қатынасын біржолата реттеу үшін аспалы көпір салу қажет деп есептейді. Қазір құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қарауына ұсынылған.
Ролан Ибрагимов, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- 4 жолақты болады Жібек жолының кіре берісінен бастап. ҚТЖ-ның 1-2 келісімі қажет болып тұр. Соны алғаннан кейін, мемлекеттік сараптамасы шыққаннан кейін бюджетке ұсыныс беріліп, биыл бастауды жоспарлап отырмыз.
Құрылыс аяқталса екі қатарлы жол жиегі 15 метрге кеңейеді. Ол үшін жеке меншік жер телімдерін мемлекет қажеттілігі үшін қайтаруға тура келеді. Ал көптен күткен құрылыстың тезірек басталғаны дұрыс. Көлік кептелісінен төзімі таусылған жұрттың тілегі осы.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов, 24.KZ, Шымкент