Астанада Өмірбек Байгелдіұлымен қоштасу рәсімі өтті

Астанада Қазақстан Сенатының тұңғыш төрағасы Өмірбек Байгелдіұлымен қоштасу рәсімі өтті.

Қаралы жиынға марқұмның үзеңгілес достары мен әріптестері, туыстары қатысып, естеліктермен бөлісті. Айта кетейік, ол парламенттің жоғарғы палатасына 16 жылын арнады және Жамбыл облысының әкімі, президенттің кеңесшісі секілді, жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Жиында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын оқып берді.  

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Алдымен Президентіміздің көңіл айту жеделхатын оқып беруге рұқсат етіңіздер. «Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдінің отбасы мен жақын туыстарына. Аса көрнекті мемлекеті және қоғам қайраткері, Парламент сенатының тұңғыш төрағасы, Отан орденінің иегері, академик Өмірбек Байгелдінің дүниеден өтуіне байланысты қайғыра көңіл айтамын. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», ҚР Президенті Қ. Тоқаев.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қаншама халық қимастықпен шығарып салып жатыр. Осының өзі азаматтың елге сіңірген мемлекетшілдігі, ұлтшылдығы, халқын сүйген жүрегі, соған халықтың беріп жатқан бағасы деп айтуға болады.