Алматы облысында Ворошилов бөгетінің бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды
Ал Алматы облысындағы Ворошилов су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға салдарынан «Амангелді 1», «Амангелді 2» көлдері суға толып, Байкент және Қараой ауылдарына қауіп төнген. Онда 12 мыңнан астам халық тұрады. Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің 600-ге жуық маманы мен 82 техникасы, әскери бөлім қызметкерлері және 300-ден астам волонтер бөгеттерді нығайтып, аталған елді мекендер аман қалды. Ворошилов су қоймасы 2017 жылдың мамыр айында жергілікті кәсіпкердің біріне сенімгерлік басқаруға берілген. Прокуратура қызметкерлерінің мәлімдеуінше, бұл оқиғаға немқұрайлық себеп.
Аида Иманалиева, Алматы облысы прокурорының көмекшісі:
- Соның салдарынан 12 мыңнан астам адам тұратын екі елді мекеннің бір бөлігі шұғыл эвакуацияланды. Ашылған штаб және уәкілетті органдар мен еріктілердің күштері қайғылы салдардың алдын алды. Сонымен қатар Алматы облысының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 371 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, оны тергеу сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне тапсырылды.