БҚО-да 13 мектеп қашықтан оқытуға көшті
Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты 4 мыңнан астам оқушы қашықтан оқуға көшті.
Үш мектепте эвакуациялық пункт ашылған. Қарғын судан қауіп болғандықтан Теректі және Бөрілі аудандарының 10 білім ошағында сабақ онлайн өтіп жатыр.
Сұлушаш Бахтиярованың ауылын қарғын су басқан. Бес күннен бері балаларымен бірге эвакуациялық пункте тұрып жатыр. Мектеп жасындағы екі баласы 4-і тоқсанды онлайн бастады.
Сұлушаш Бахтиярова, Подстёпное ауылының тұрғыны:
- Екінші сынып, 0-і сынып, сосын 3 жастағы егіздер және 4 айлық бала. Мектебіміз суға кетті. Қазір пока онлайн. Кітаптарымды алып алдым, дәптерлер берілді, сонымен оқып жатырмыз.
Бұл эвакуациялық пункте 30 шақты бала бар. Барлығы да Постёпное ауылынан. Тасқын су елді мекендегі мектептің жертөлесіне де кірген.
Марат Сыхов, Подстёпное орта мектебінің директоры:
- Мектепті қазіргі уақытта дайындап жатырмыз. Бүгін электр қуатын бердік. Жылу, су беріп жатырмыз. Ішін дайындап енді дүйсенбіден мектепке кіргіземіз деп жатырмыз.
Тасқынға байланысты өңір бойынша 4 мыңнан астам оқушы онлайн білім алуға көшті. Оқу үрдісінде үзіліс болған жоқ.
Бейсенбек Насимуллин, білім басқармасы басшысының орынбасары:
- 13 мектеп облыс бойынша қашықтан оқуға көшірілді. Барлығы 4332 оқушы оқуда. Екі мектеп Бөрілі ауданында, қалған 8-і Теректі ауданында. Енді 13-тің 10-ны су тасқынына байланысты қашықтан оқуға көшірілсе, қалған үшеуі эвакуациялық пунктке айналдырылып, онда тұрғындар көшірілген болатын. Сол себепті онлайнға көшірілді ол мектептер.
Сала мамандары 155 мектептің ғимаратында кез-келген уақытта эвакуациялық пункт ашуға мүмкіндік бар дейді. Тасқын басталғалы білім ордаларын 7 мыңдай адам паналаған.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы , Ербол Меңдіғалиев, Эльдар Аюпов