Солтүстік Ташкент каналына су берілді
Түркістан облысында 3 ауылдық округті ағын сумен қамтитын Солтүстік Ташкент каналына су берілді.
Естеріңізде болса, апта басында Келес ауданы диқандарының уәжін жеткізген едік. Олар 3 мың гектарға жуық егістік тіршілік нәрінен қағылып, ерте көктемде егілген көшеттер қурап жатқанын айтқан еді. Оған Өзбекстаннан бастау алатын су арнасындағы ақау себеп. Осыдан кейін қос тараптың су шаруашылығына жауапты мамандар бірлесіп, құрылысты жеделдетті. Бетон қаптамалар жөнделіп, Солтүстік Ташкент Каналы қайта пайдалануға берілді.
Жасұлан Қылышбаев, Келес аудандық су шаруашылығы мекемесінің директоры:
- Бұл СТК каналы арқылы бүгінгі таңда Келес ауданының үш ауылдық округі ағын сумен қамтамасыз етіледі. Осы ақау бойынша қажетті құрылыс-жөндеу жұмыстары атқарылды.
Тұрлыхан Жамалханұлы, диқан:
- Мына каналымызға су келмей егінді бастай алмай отыр едік. Құдай қаласа суымыз келіп, егінді бастап жатырмыз.