Әскери теңізшілердің әлеуеті зор

Биыл елімізде әскери-теңіз күштерінің құрылғанына 31 жыл толды, деп хабарлайды 24KZ.

Жауынгерлік флот жаңарып, жаңадан арнайы мақсаттағы бөлімшелер құрылды. Мысалы, гидрографиялық қызмет теңіз кеңістігін зерттеп, су бетіндегі нысандар мен құрылымдарды картаға түсіреді. Ал әскери сүңгуірлер су астынан келер қауіптің бетін қайтарып, дыбыссыз барлау жүргізуге машықтанған.

Әскери флотта гидрографиялық мақсатта қолданылатын бірнеше су көлігі бар. «Жайық» пен «Табиғат» кемесі жауынгерлік жорық кезінде су кеңістігін зерделейді. Олардан жолданған ақпарат Ақтаудағы базада талданып, теңіз бетінде байқалған нысандар цифрлық үлгідегі және қағаз картаға түсіріледі. Бұл Каспийдің қазақстандық бөлігінде кеме қозғалысының қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

Талғат Сейсенов, ҚР ӘТК гидрографиялық қамтамасыз ету қызметінің бөлімше бастығы:

- Күнделікті қызмет гидрографиялық су көліктеріне жауынгерлік тапсырма жүктеуден басталады. Арнайы мақсаттағы кемелер мен катерден келіп түскен ақпарат жедел өңделіп, картаға түсіріледі. Біздің бөлімше теңіз тереңдігін өлшеп, аралдар мен жағалауларды суретке түсірумен де айналысады. Бұл теңізде жүк таситын кемелердің таяз немесе толқынды жермен жүруінің алдын алады.

Ал әскери сүңгуірлер лаңкестік топ басып алған кеме немесе су бетіндегі нысанға дыбыссыз жақындап, жауға тойтарыс береді. Арнайы жасақ  теңізшілері суға ауа көпіршігін шығармайтын оттегі баллонын қолданады. Негізінен қараңғыда әрекет етеді. Көзге түспес үшін қара түсті гидрокостюм киіп, су астында атылатын тапашна және автоматпен қаруланған.

Заманбек Бақтыгереев, әскери сүңгуір:

- Кез келген әскерлерден бұрын бірінші келу – біздің ең басты мақсатымыз. Осы сала қатерге толы, ол рас. Күн демей, түн демей, команда түскен жағдайда біз қашанда дайынбыз.

Әскери сүңгуірлер диверсиялық барлау жүргізіп, миналау және миналарды залалсыздандыруға дағдыланған. Олар ашық теңізде және отандық үлгідегі оқу-жаттығу кешенінде біліктілігін шыңдайды. Жағалауда тұрған ғимараттың биіктігі 14 метрге жуқытайды. Соның 6 метріне теңіз суы толтырылған. Сүңгуірлер тобы су астында жасайтын әрекетін осы жерде қайталап жаттығады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.