Құлсарыдан 12 мың адам эвакуацияланды

Соңғы тәулікте Құлсарыдан 5 мыңға жуық тұрғын Маңғыстау облысына эвакуацияланды, деп хабарлайды 24KZ.

Оның 214-і – бала. Азаматтар 6 уақытша пунктке орналастырылды. Облыстық жедел штаб өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, төтенше жағдай режимі жарияланғаннан бері 12 мыңнан астам құлсарылық қауіпсіз жерге көшірілген. Эвакуация жұмыстары Атырау қаласы, Теңіз аумағы және Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы бағыттары бойынша жүргізілді. Бүгін таңертең Атырау облысында авариялық-құтқару шарасын жүргізу үшін Ұлттық ұлан тікұшағы мен Өртке қарсы қызмет комитетінің өкілдері жетті.

Марғұлан Аманбаев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары:

- Эвакуацияланған халық саны 5 мыңға жуықтады. Олардың 99-ы 3 эвакуациялық қабылдау пунктіне, 177-сі шайханаға, мекеме, жатақханаға орналастырылды. Олардың ішінде 98-і – бала. Халықты қабылдауға 22 эвакуациялық қабылдау пункті, жатақханалар, шайхана дайын тұр.