Партиялар мен фракция басшылары үндеу жасады
Бекем бірлігіміз бен берік елдігімізден танбай, ауыртпалықты бірге еңсерейік.
Қалыптасқан жағдайға байланысты саяси партиялар да алаңдаушылық білдіріп, халыққа жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтып отыр. Бүгін ел Президенті халыққа үндеу жасап, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Саяси ұйым басшылары сындарлы сәтте халықты бірлікке шақырды.
Көнекөз қариялар мұндай көлемдегі апаттың бұрын-соңды болмағанын айтып отыр. Осындай сын сәтте бүкіл еліміз жұдырықтай жұмылып, тасқыннан зардап шеккен елді мекендерге қол ұшын созып жатыр. Бұл тұста «Аmanat» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов күрделі ахуалды ел болып еңсеретінімізге сенім білдірді.
Цитата
Ерлан Қошанов, «АМАNАТ» партиясының төрағасы:
«Ең бастысы – тұрғындардың амандығы мен қауіпсіздігі. Осындай сын сәтте жанашырлық пен ынтымақ көрсету өте маңызды. Зардап шеккендерге барынша көмек көрсетейік. Бұл ретте, бірде-бір азамат ескерусіз қалмайтынын, зардап шеккен ауылдар, үй мен мүлік те түгелдей қалпына келтірілетінін Мемлекет басшысы шегелеп айтты. Қазіргі уақытта су тасқыны болып жатқан өңірлерде Мәжіліс депутаттары да жүр. Тұрғындардың талап-тілектерін тиісті орындарға тікелей жеткізуде».
Апат салдарын жоюға барлық күш жұмылдырылды. Тиісті сала қызметкерлерімен қатар, ондаған мың волонтер де күндіз-түні қызмет етіп жатыр.
Цитата
Айдарбек Қожаназаров, «Respublica» партиясының төрағасы:
«Осындай қиын жағдайда бір-бірімізге жәрдем беріп, қарасқанымыздан басқа қазір жол көріп тұрған жоқпын. Президент барлығын қалпына келтіреміз деп уәде беріп отыр. Өте қиын, халық жылдар бойы тірнектеп жиғанынан бір сәтте айырылды. Енді сол азаматтардың өтініш-арызы қаншалықты ескеріледі, Үкімет Президент тапсырмасын қай деңгейде орындайды, соны бақылап, қадағалау біздің міндет деп ойлаймын».
Сын сағатта көпшілік ауызбіршілік танытып, судан зардап шеккен тұрғандарға барынша демеу көрсетіп жатыр. "Ауыл" партиясы азаматтардың үй-жайларын қалпына келтіру үшін жастардың құрылыс отрядтарын құру бастамасын қолға алды.
Цитата
Серік Егізбаев, «АУЫЛ» партиясының төрағасы:
«Ауыл» партиясы зардап шеккен азаматтардың үй-жайларын қалпына келтіру үшін жастардың құрылыс отрядтарын құру бастамасын қолға алуды жоспарлап отыр. Бастаманы жүзеге асыру үшін барлық жастар ұйымдары мен жоғары оқу орындарының басшылары бірлесіп тиісті шараларды қолға алса дейміз».
«Тосыннан келген сынға тек елдігіміз бен бірлігіміздің арқасында төтеп береміз», - дейді Қазақстан халық партиясы төрағасының орынбасары Магеррам Магеррамов.
Цитата
Магеррам Магеррамов, Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары:
«Президент аймақтардағы күрделі жағдай туралы айтып, халықты ауызбіршілікке шақырды. Мен толықтай келісемін. Шынымен бірлік арқылы кез келген қиындықтарды еңсереміз».
Қазір тұрғындардың амандығы мен қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан, осындай қиын кезеңде ынтымақ-бірлігімізді бекемдей түсу қажет.
Цитата
Азат Перуашев, «Ақ Жол» партиясының төрағасы:
«Мемлекет басшысының Үндеуі жағдайдың бақылауда екенін көрсетті. Мұндай қиын-қыстау кезеңнен бірлік пен ынтымағымызды көрсете отырып қана шыға аламыз. Президент айтқандай, бұл жағдайдан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы адам шығынын болдырмау қажет».
Осындай қиын жағдайда халыққа дұрыс ақпарат беру де маңызды, дейді мамандар. Яғни, ресми мәліметтерге ғана жүгініп, мамандар кеңесіне құлақ асқан жөн.
Асхат Рахимжанов, ЖСДП партиясының төрағасы:
- Біздің партияның өңірдегі филиал басшылары су тасқыны болған аудандарды аралап шықты. Судан зардап шеккен азаматтарға өтемақы беру жөнінде әкімдер дер кезінде шешім қабылдауы керек. Халықпен бірге болғаны абзал. Біз мұндай жағдайда бірлігімізді көрсетуіміз қажет.
Президент Үндеуінде барлығын қалпына келтіреміз деді. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасымен су басқан үйлердің барлығы құжаттардың бар-жоғына қарамастан, қалпына келтірмек.
Авторы: Айнұр Қуатқызы