Павлодар облысында еріген қар суын кәдеге жаратпақ

Баянауыл ауданында лиманды суару жүйесі қолға алынып, қараусыз қалған көл-табандар қалпына келтіріледі, деп хабарлайды 24KZ.

«Қырдан келген көп суды 6 мың гектар шабындық алқапқа бұруға болады», – дейді мамандар. Мұндай шешім шалғайдағы жайылымдарды ылғал тапшылығынан қорғайды. Облыстың оңтүстік аймақтарында Айдос, Қарасу, Бала-Шідерті және Ащысу өзендері көктем сайын арнасынан асып, жақын елді мекендерге қауіп төндіреді. Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін осы өзен сағалары зерттеледі.

Бүгін Сәтбаев каналынан лиман шаруашылықтарына су босатылды. Тіршілік нәрі Шідерті аумағындағы 20 мың гектардан астам суармалы алқапқа жайылады.

Дияр Қайыркенов, Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл шешім сонымен қатар Екібастұз өңірін, Ақтоғай ауданында орналасқан Өлеңті көлдер жүйесін қалпына келтіруді және толықтыруды мақсат етеді. Бүгінгі таңда біз оны 87 текше шақырым көлемінен бастайын деп отырмыз. Су ресурстары министрлігіне бюджеттік өтінім берілді. Қазір аталған көлемді 120 текше шақырымға дейін жеткізу қарастырылып жатыр.