Қарғалы су қоймасындағы жағдай алаңдатады. LIVE

Ақтөбе облысында сейсенбі және сәрсенбі күндері жауын-шашынды болады.

Синоптиктердің болжамы бойынша ауа температурасы 20 градусқа дейін көтерілуі ықтимал. Сәйкесінше солтүстік аудандарда қар қарқынды еріп, жылғаларды толтырады деген қауіп бар. Бүгін таңертең Қарғалы өзені бойындағы үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген болатын.

Мансұр Есқожин, тілші:

Ақтөбе облысындағы ең ірі үш суқойманың екеуінде жағдай тұрақталды. Қазір тек Қарғалы ғана алаң туғызып отыр. Біз міне сол суқойма орналасқан өзеннің бойындамыз. Судың деңгейі әдеттегіден әлдеқайда жоғары. Қарқынды ағып жатыр. Мамандар секундына 350 текше метр дейді. Суқойма 98 процентке толды. Сондықтан транзиттік, келген суды өзен арнасымен әрі қарай өткізу режимінде жұмыс істеп тұр. Бұл туралы гидротехникалық нысанға жауапты мекеме басшысы айтқан болатын.

Ринат Шәуенов, "Қазсушар" РМК облыстық филиалының басшысы:

- Болжам бойынша жаңбыр күтілуде. Ол жаңбыр таудың үстіндегі қарлардың барлығын ерітіп, сол Қарғалы суқоймасына өзінің руслосы бойынша түседі. Сол болжам бойынша біздерде риск бар бүгінгі таңға. Ол енді 1-2 күннің ішінде өтіп, өзінің қалпына түседі деп сенеміз.

Мансұр Есқожин, тілші:

Өзен арнасына қайтқанша тұрғындарға сақ болу керектігін тағы бір мәрте еске саламыз. Атқарушы билік тілсіз жау табан астында таяп қалуы мүмкін дейді. Қатердің алдын алу үшін, мәселен бүгін түнде, дәл осы тұста орналасқан 6 саяжай ұжымының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Артынша барлығы да үйіне қайтты. Соңғы тәулікте су баспаналарға кірген жоқ. Дегенмен құтқарушылар мен өзге де жедел қызмет өкілдерінің назары дәл қазір осы Қарғалы өзенінде.