Жылыойдағы жағдай бақылауда

Жылыойлықтардың бірлігі көпке үлгі.

Аудан тұрғындары қазір жұдырықтай жұмылып, Жем өзені жағалауын бекітіп жатыр. Табиғи апаттан қиын жағдайда қалған тұрғындарға әр облыстан көмекке келді. Мысалы маңғыстаулықтар эвакуацияланған халықты тегін тасымалдап, жатын орындармен қамтамасыз етуде.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Біз тұрған Құлсары қаласындағы «Автожолшылар» ықшам ауданында қазір 400-ге жуық тұрғын үй, 2 мектеп пен 2 балабақша, сондай-ақ 1 спорт кешені суға кеткен. Мұндағы тұрғындар 5 сәуір күні түнде эвакуацияланды. Кеше құтқарушылар үй-үйді аралап, қалып қойған тұрғындар мен төрт-түлікті қауіпсіз жерге көшірген.

Құтқарушылар әлі де суға кеткен үйлерді аралап жүр. Шыға алмай қалған тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. 

Есенбек Кенжеғұлов, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Спасательдер кешеден бері жұмыс істеп жатыр, рахмет. Алдында семямды Тенгизге жіберлдім де өзім қалып қойдым ғой. Кеше сумен арпалысып ортада қалып қойдық. Мына жігіттер көмектесіп шығарды.

Баубек Нұрғазиев, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Жан-жақтан көмек келіп жатыр. Ақтау бар, Бейнеу бар, жан-жақтан келіп жатыр. Оларға мың да бір рахмет.

Қосымша күш Ақтөбеден де тартылды. Ол жақтағы төтенше жағдайға қарамастан көмекке келгендердің әрекеті мақтан тұрарлық. 

Абат Бөлекбаев, Ақтөбе қаласы құтқару жасағының құтқарушысы:

- Ақтөбе қаласынан келіп тұрмыз. Күні түні осы жақта жүрміз. Шақыртулар келеді. Адамдарды құтқару керек. Адам санынан шатасып жатырмыз. Барамыз адам алып келеміз, болмаса жануар алып келеміз. Үсті-үстіне шығып жатыр.

Жылыойлықтар 4 сәуірден бері ауданды тасқын судан құтқарып жатыр. Ел дүрлігіп көшкенде, жаға бекітеміз деп қалып қойғандар туған ауылын сақтап қалуға бар күш-жігерін салып жатыр.

Мұратбек Қалиев, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Бүкіл қалада эвакуация жарияланса да, әке-шешемізді жан-жаққа жіберсек те семьямізді. Соңғы үміт – до конца. Жерімізді, үйімізді алғанша осы жерде тұрамыз. Ойлаймын, аламыз, жеңеміз осы нәрсені.

Қалыптасқан қиын жағдайға байланысты бүгін облыс әкімі тұрғындарды сабырға шақырып, үндеу жолдады. Кешенді жоспарға сәйкес тасқын суға төтеп беруге мүмкіндік барын айтты.

Серік Шәпкенов, облыс әкімі:

- Қырқына шыдадық, енді бірі қалды. Судың беті әрі кетіп бара жатыр. Енді сәл шыдауымыз керек. Құлсары бәріміз бір қазанда тұрмыз ғой, жан-жақтан қысып тастады бізді. Сондықтан алдын-алайық, шыдап шықсақ сосын мына судың өзін жібереміз.

Жылыой ауданынан қауіпсіз аймаққа 30 мыңнан аса адам көшірілді. 3 мыңға  жуық үй мен ғимаратқа су кірді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов