Зейнеткер Ақтөбені су тасқынынан құтқаруға көмектесті
Ақтөбелік краншы-зейнеткер туған қаласын су тасқынынан құтқарды, деп хабарлайды 24KZ.
Шыңғыстау Әбдиев есімді ақсақал 36 жыл Ақтөбе су қоймасында кран тасымалдаушы болып жұмыс істеген. Ол өткен жылдың желтоқсан айында ғана зейнетке шыққан екен. Аймақта су тасқыны басталған кезде Шыңғыстау ата өзінің кәсібилігі мен тәжірибесін көрсетіп, құтқарушыларға қол ұшын созды. Кенет кран істен шығып, тежегішті басқару мүмкін болмаған сәтте оны су қоймасына арнайы шақырған.
Шыңғыстау Әбдиев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Осында бірнеше жыл жұмыс істегелі судың осындай қатты қарқынмен келгенін бірінші рет көріп тұрмын. Су қоймасы 12 сағаттың ішінде толып болды. Әлі есімде, 1993 жылы су секундына 1250 текше метр су келсе, бұл жолы секундына 1700 текше метр су келіп жатты. Бар болғаны 2-3 сағаттың ішінде суды жылдам ағызып жіберуге тура келді. Олай болмағанда Ақтөбені су алатын еді, абырой болғанда, барлығын дер кезінде реттедік.