Апат аймағында 800-ден астам әскери қызметкер жұмыс істеді

Апат аймағындағы ел-жұртқа әскерилер де қол ұшын созды, деп хабарлайды 24KZ.

Қарулы Күштердің 44 техникасы, 3 тікұшақ пен 2 арнайы көлігі, 800-ден астам әскери қызметкері кірпік қақпай жұмыс істеді. Су шайған жолдарды қалпына келтіру мен паром жасау үшін әскери инженерлер де тартылды. Батыс Қазақстан облысында 26 адамнан тұратын аумақтық қорғаныс бригадасы Жайық өзенінің арнасын нығайту жұмыстарына атсалысты. Сарбаздардың көмегімен бөгеттер күшейтіліп, 2 мың 400 құм толтырылған қап дайындалды. Осы күндері қауіпті аймақтардан әуе жолымен 178 адам эвакуацияланса, оның 98-і – бала.

Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Тобыл өзенінің бойындағы жағалауды нығайту жұмыстарын тексерді. Қазіргі уақытта жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Солтүстік Қазақстан облысында аумақтық қорғаныс бригадасының 30 әскери қызметшісі Петропавл қаласының шетіндегі саяжай алабы ауданында 1000 қап құм дайындап, Есіл өзенінің бөгетін күшейту жұмыстарын жүргізді.