Павлодар халқы гуманитарлық көмек жинап жатыр
Су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына Павлодар халқы гуманитарлық көмек жинап жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Этномәдени бірлестіктер мен волонтёрлер арнайы акция ұйымдастырды. Игі шараға кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар белсенді атсалысып жатыр. Олар азық-түлік, киім-кешек, көрпе-жастық пен жеке гигиеналық заттар жеткізіп жатыр. Тіпті үй жануарларының корегін де әкелгендер бар. Халықтан жиналған заттардың бір бөлігі Ақтоғай ауданындағы су басқан Жалаулы ауылына жеткізілді. Аймақта су тасқынына байланысты ахуал тұрақты. Сондықтан Павлодардың жедел-құтқару жасағы Солтүстік Қазақстан облысына көмекке аттанып кетті. 50-ден астам адам, 10 бірлік арнайы техника тасқын суға қарсы күреске жұмылдырылады.
Қымбат Досжанова, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:
- Екі күн ішінде біз 2,5 миллион теңгеден астам сомаға азық-түлік, бірінші кезектегі қажетті заттар, жеке гигиена заттарын жинадық. Олардың алғашқы легін Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылына апардық. Ассамблея жастары осы акцияға жұмыла кірісіп кетті.
Айжан Қали, Жастар бастамаларын дамыту орталығының фронт-кеңсесінің жетекшісі:
- Гуманитарлық көмек бойынша жарияланған акция шеңберінде көптеген азаматтар хабарласты. Олар қоңырау шалып, нақты қандай заттар әкелгеніміз маңызды, – деп сұрайды. Қабылдау кестесімен танысады. Жұмыстан кейін келетіндер бар. Үйлері суға кетіп, дүние-мүлкінен айырылған адамдарға барлығы қажет екенін айтып, түсіндіріп жатырмыз.