Бүгінгі күннің батырлары: жылыойлықтардың бірлігі көпке үлгі
Бүгінгі күннің батырлары. Тілсіз жауға қарсы тұрған жылыойлықтардың табандылығы көпке үлгі.
Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін жаға бекіту жұмыстарына жұмылған.
Бұл – Құлсары қаласының шетіндегі Қамыскөл көлі. Құрсай өзегінің бойымен аққан су осында құяды. Көлді жағалай отырған ықшам аудандардың тұрғындары су келе бастағаннан бері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеп жатыр. Жағаны 3 метрге дейін көтеріп, қаланы судан аман алып қалды.
Вокзал ықшам ауданында тұратын Сұңғат Сәрсенбай сәуірдің төртінен бері Қамыскөлдің жағасын бекітіп жүр. Үйі көлден қашық болса да, жағалаудағы тұрғындардың қамы үшін барын салып жатыр. Келген техника мен қол күшін орнымен үлестіріп, жұмыстың жүйелі жүруін қадағалайды.
Сұңғат Сәрсенбаев, Құлсары қаласының тұрғыны:
- Жағадағы ауылдарға жаным ашығандықтан, 5 ауылды біріктіріп, рациялар алынды, бастадық сосын. Ертерек қамданайық. Жігіттер шығардық. Әр ауылдан жүз-жүз баладан шықты. Күндіз жұмыс істейді, түнде жұмыс істейді, ауысыммен. Палатка ұйымдастырдық, қыз-келіншектер тамақ жағын ұйымдастырды. Бәрі – халықтың, тұрғындардың қолымен жасалған нәрсе.
Ауыл тұрғындары да Ғабиттің іскерлігіне риза. Жастардың басын біріктіріп, кезекшілікпен жұмыс істеуді қолға қойған. Соның арқасында тасқын су бөгетті бұзып өте алмады.
Әлібек Қалиханұлы, Құлсары қаласының тұрғыны:
- Судың деңгейі соңғы тәулікте 7,5 сантиметр түсті деп қуанып жатырмыз бәріміз. Әлі де түсе берсе екен, мына қауіп сейілсе екен дейтін тілек-ниеттеміз. Мына Сәрсенбаев Сұңғат бастаған жерлестерімізге мың рақмет. Шексіз рақмет. Еңбектері еселеп қайтсын өздеріне.
Арман Тәжіғалиев Құлсарыдан 10 жыл бұрын көшіп кеткен. Қазір Жаңаөзен қаласында тұрады. Қиын жағдайды естіп, жерлестеріне көмекке келді. Өзімен бірге жұмысшыларға қажетті моторлы қайық, қап және жанар-жағармай әкелген.
Арман Тәжіғалиев, Жаңаөзендегі бұрғылау мекемесінің қызметкері:
- Қазір Жаңаөзеннен келіп тұрмыз. Осы ауылға көмек, моторлы қайық келе жатыр, резина етіктер бар көмектеріміз. Ауылдың жігіттеріне рақмет айтамын. Көп жұмыс істеген мына жерде.
«9-ауыл» ықшам ауданындағы қыз-келіншектер де қарап жатқан жоқ. Жаға бекітіп жүрген жігіттерге ыстық тамақ дайындап, қызмет көрсетіп жүр. Қиындықта татулығынан ажырамаған жылыойлықтардың бекем бірлігі көпке үлгі.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов.